Ол заң аясында петиция жариялау да қарастырылғанын атап өтті
«AMANAT» партиясы атынан сайланған депутат Ерлан Саиров Президент қол қойған «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасының артықшылығын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамдық бақылау» жөніндегі заңға қол қойды. Бұл заң қоғамның мемлекет істеріне тікелей араласу тетіктерін арттыратын жаңа, оңтайлы қадам. Сонымен қатар, осы заң аясында петиция жариялау тетіктері де қарастырылған. Елімізде әкімдерді тікелей сайлаумен қатар, тікелей демократия, халықтың мемлекет істеріне тікелей араласу әдістері қалыптасуда», - деп жазды Саиров.
Депутат атағандай, мемлекеттік органдарда қоғамның бақылау институттарын жасау тетігі енгізіліп жатыр.
«Мемлекеттің қатысы бар экономикалық қарым-қатынастар, мемлекеттің тапсырысымен салынып жатқан мектеп пен жолдардың сапасын қоғамдық бақылауға жаңа тетіктер береді. «Қоғамдық бақылау туралы» заңда әскерилердің әлеуметтік жағдайын тексеруге де жағдай жасалған. Бұл заң Конституцияда қарастырылған мемлекетке халықтың тікелей араласу тетігін іс жүзінде асырады. Петиция жасау да қарастырылған. Енді ел азаматтары аймақтық деңгейдегі өте өзекті мәселелер бойынша петиция жасауға құқылы. Ол петицияны жергілікті органдар міндетті түрде қарастыруы қажет. Бұл заң еліміздегі тікелей демократия институтын, яғни халықтың мемлекет ісіне тікелей араласуының жаңа қарым-қатынасын жасайды», - деді депутат.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ