Түркістан облысында бүтін бір ауыл 20 жылдан бері жарыққа жарымай отыр
Ауыл әкімі сапалы электр бағаналары мен трансформатор орнату оңай шаруа емес екенін айтады

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Жаңаталап ауылының тұрғындары жиырма жылдан бері жарыққа жарымай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.
Жекеменшік трансформатордан электр энергиясын алатындар шамалары келгенше желілерді тартып, қолдан бағаналар тұрғызып қойған. Алайда бұл шыбық ағаштарды бағана деп айтуға ауыз бармайды. Жел тұрса желілер үзіліп, жұрт қараңғы құшағында қаламыз деп өкпелі.
Жаңаталап ауылындағы жиырмаға жуық отбасы жылдар бойы үрей құшағында өмір сүріп келеді. Мемлекет тарапынан электр бағаналары орнатылмаған соң, өз тіршіліктерін жасағандарын айтады. Базбірі ақшасына бағана сатып алса, жағдайы жоқтар ағаштарды кесіп, желі тартып қоя салған. Оның өзі адам шошырлық жағдайда тұр. Күн суытып, жел тұрса жарық сөніп қалады, дейді ашынған халық.
Жиналған бұқараның алды мұнда осыдан жиырма жыл бұрын көшіп келген. Бірақ жылдар бойы «мәселеміз шешілер емес» деп күйінеді. Жекеменшік трансформатордың жарығы әлсіз болған соң, жиі өше береді. Салдарынан несиеге алған техникасы күйіп кетеді. Шыбық ағаштар балалардың басына құлап кете ме деп қорқады.
Өзекті мәселеден ауыл әкімі де хабардар болып шықты. Бірақ Жаңаталаптағы жұрттың жағдайын жақында ғана естідім деп ақталды.
«Біз бүгінгі күнге дейін оны сетевойдың балансында екен деп жүрдік. Ол енді нақты кімнің балансында екені белгісіз. Қазір енді дәл осы жағдайда оның жобасын жасап, оған қаржы бөлуге біраз уақыт кетеді», - дейді Құркелес ауылдық округінің әкімі Қанат Иматов.
Ауыл әкімі сапалы электр бағаналары мен трансформатор орнату оңай шаруа емес екенін айтады. Яғни арнайы жоба жасатып, құжат дайындағанымен бюджеттен қаражаттың бөлінуін күтуге тура келеді. Ал оған дейін аудандағы жарыққа жауапты мекемеден уақытша бағаналар сұратып, қыркүйектің соңына дейін орнатуға уәде етті.