Ол ТЖМ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайластырылған
Елордадағы «Атырау көпірінде» Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне арналған көрме ашылды. Көрме 19 қазанға дейін жалғасады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов атағандай, тәуелсіздік жылдары құтқарушылар 380 мың адамды құтқарған.
«Көрмеде 112 сурет қойылған. Олар біздің қызметкерлер мен батырлар. Құтқарушылардың өмірі мен қызмет өте ерекше. Себебі олар күнде жұмысқа барар алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Күнделікті қызметте олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрады. Тәуелсіздік жылдары құтқару қызметі 400 мыңнан астам зардап шеккен халыққа көмек көрсетті. 380 мың адамды төтенше жағдай алаңынан эвакуациялады. 1 млн 600 мың қызметкер төтенше жағдайға шықты. 70 мың зардап шеккен халыққа медициналық көмек көрсетті. Бұл салада 27 мың адам қызмет етеді», - деді Шәріпханов.
Министр атағандай, жеке құрам ішінде білімді, білікті мамандар баршылық.
«Соңғы 10 жылда жабдықталу мен қызметкерлердің кәсіби білімі де артты. Бұл жұмыс үшін үлкен көмек. Елдің бірқатар аймағында маман тапшылығы бар. Әсіресе, жаңадан құрылған облыстарды айтуға болады. Оның ішінде Ұлытау, Маңғыстау, Атырау облыстарында қызметкерлер қажет. Қызметкерлердің жалақысы арнайы кесте бойынша көтерілді. Болашақта оған сәйкес арта береді», - деді министр.
Көрменің ашылуына Алматы облысынан келген жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Қуаныш Қайыржан бұл салада қызмет етіп жатқанына 3 жылдан асқанын айтты.
«Біздің күнделікті жұмысымыз – адам құтқару. Бұл жұмысқа әкемнен үлгі алып келдім. Себебі әкем төтенше жағдайлар саласының ардагері. Бұл жұмысқа тұрғаныма бірде-бір рет өкінбедім. Қызмет жылдары ішінде құтқарылған адам саны өте көп. Әсіресе, жаз маусымында құтқарылатын адам саны көп болады. Мұндай жағдайларға тұрғындар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан түседі. Министрлік нұсқалығын сақтамайды. Соңғы жылдары еңбегімізге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Осындай көрмелер арқылы еңбектің еленгені жақсы. Алайда біз үшін ең басты сый – құтқарылған адамдардың өмірі», - деді Қуаныш Қайыржан.
Ол Алматы облысында қызмет еткен соң Қапшағай су қоймасынан халық көп құтқарлатынын айтты.
«Бір демалыс кезінде 6-7 мың адам суға шомылуға келеді. Қауіпздік ережелерін сақтамағаннан, қоршаулардан асып батып бара жатқан адамдарды құтқарған кездер болды. Есімде анық сақталғаны екі жасөспірімнің құтқарылуы. Қалалық жағажайға патруль жасап жүрген кезімізде құтқардық. Мен сол жағдай үшін 2022 жылдың 19 қазанында «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасын алдым», - деді ол.