Жиында отбасы құндылықтары, ана мен бала денсаулығы мәселесі талқыланды
Оралда «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тақырыбында дәстүрлі республикалық форум өз жұмысын бастады. Еліміздің әр аймағынан келген Аналар кеңесінің мүшелері мен қоғам қайраткерлері екі күн бойы отбасы құндылықтары, ана мен бала денсаулығы және әлеуметтік жобалар сынды тақырыптарды жан-жақты талқылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Форумға БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Аурика Дяк, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нүрия Ниязова, Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи және өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері, психологтар, қоғамдық ұйымдарының мүшелері қатысты.
Әйел-Ана – тіршілік тұтқасы, отбасының берекесі, алтын діңгегі, тілеуқор қолдаушысы. Сондықтан әйелдің бақыты – отбасының әрі Отанның мерейі. Форумның алғашқы күні Достық үйінде өткен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» форумында қатысушылар рухани-адамгершілік тәрбие бағытын талқылап, өңірлік Аналар кеңестері тәжірибелерімен бөлісті. Жылына бір мәрте ұйымдастырылатын Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысында өткен жылға қорытынды жасалып, алдағы жоспарлар нақтыланды.
Жиында ашқан БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ана баласына берген тәрбиесі арқылы болашақтың қалыптасуына ықпал ететінін тілге тиек етіп, еліміздің дамуы мен өркендеуіне, қоғамдық саяси және рухани әлеуетін іске асыруға белсенді атсалысып жүрген нәзік жандарға өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің атынан алғыс білдірді.
«Ақжайық өңірі Еуропа мен Азияның алтын көпірі, жыраулар мен ақындардың, өнер тарландары мен батырлардың мекені, азаттықтың ақ таңы үшін күрескен Батыс Алаштың ордасы. Қазақ халқында қасиетті, қымбатты «бой түзеу» деген түсінік бар. Бала әкесіне, қызы анасына, іні ағасына, ұжым басшысына қарап бой түзейді. Бұл даусыз аксиома. Тәуелсіздіктің күрделі уақытында әйел-аналарымыз үйдің тыныштығы мен берекесін батыл қорғап, ер азаматтарға қолдау көрсетті, олардың рухын көтеріп, күш-жігер берді. Кез келген істе көшбасшы болып, өз отбасылық және азаматтық парыздарын орындауда көптеген ер азаматтарға үлгі көрсетті. Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Аналар кеңесінің бастамаларын жан-жақты қолдауды тапсырды. Ол барлық аймақтардағы аналардың отбасылардың негізі ретіндегі шешуші рөлін мойындай отырып, қабылдаған бастамаларды толық жүзеге асыруға шақырды.
Президент аналардың қоғамдағы ерекше және маңызды ұстанымын атап өтіп, біздің қауымдастықтарымызда оларға деген терең құрмет сезімін ынталандырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ананың қоғам алдында да елеулі жауапкершілікке ие болуы керектігін атап өтті. Бүгінде елімізде қажетті отбасылық-гендерлік саясат жүзеге асырылуда, отбасыға, ана мен балаға қолдау көрсетудің кешенді жүйесі қалыптасқан. Соның арқасында жаңа қазақстандық әйел – Ұлттың өркендеу кезеңіндегі әйел тарих сахнасына шықты. Ол байырғы Ұлы Дала елі ұрпағының дәстүрлі рухани-ізгі озық қасиеттерін – мейірім мен нәзіктікті, махаббат пен түсіністікті, сырт көз байқамауы мүмкін емес бай мәдениет мен ішкі ибалылықты бойына жинақтай білді. Әйел заты көбіне білімді, төл мәдениеті мен дәстүрін, тілін жақсы меңгерген, тарихынан хабардар және өзін үнемі жетілдіріп отыратын жан болып келеді. Бесік тербеткен ана мен биліктегі нәзік жандылардың басты бағыты Қазақ мемлекетінің қарқынды дамуы, Қазақ қоғамына бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеу екендігі белгілі», – деді Бақытжан Қаберұлы.
КХА БҚО Аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалинаның айтуынша өңірімізде 157 Аналар кеңесі болса, онда 1230 белсенді ана қызмет етеді.
«Жұмысымыздың басты миссиясы – бала тәрбиелеу, отбасы құндылығын көтеру. Отбасы құндылығын көтерудегі көптеген шараларды өткізіп, бүгін үлкен қауымның алдында Аналар кеңесінің жұмысымен таныстырамыз. Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі 2013 жылы құрылып, барлық қалалар мен аудан орталықтарында жұмыс жасайды. Бұл 14 мыңнан астам аналардың басын біріктіріп отырған қоғамдық құрылым. «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деп қазақ текке айтпаған. Бүгінгі ару – ертеңгі ана. Ағайын-туманың арасындағы татулықты жарастырып отыратын, отбасылық қарым-қатынасқа да күш беретін әйелдер. Сондықтан әдептілікке тәрбиелеудің даналық мектебіне айналуымыз керек. Көрегенді отбасы қыз баланы қонақ деп тәрбиелейді. Отбасында көрген тәрбиені барған жерінде көрсетеді. Бақытты болайын деп емес, сол отбасын бақытты қылайын деген ниетпен түскен келін бақытты болады. Ер балаларды тәрбиелеуге де көп көңіл бөлінуі тиіс.
Облысымызда «Әкелер одағы» құрылуда, солармен бірлескен жұмыстарымыз көп. Тәрбие бастауы өзімізден. Еліміздің экономикалық әлеуеті әрбір отбасының берекесінен бастау алады. «Алты аға бірігіп әке болмайды, жеті жеңге бірігіп шеше болмайды» дегендей, бала тәрбиесін ата-әже, күтушіге жүктемей, балабақшаға да үш жасында беру керек. Сонда ғана білімді де іскер ұрпақ өсіретін отбасылар көбейеріне сенімдімін. Сондай ұрпақты тәрбиелеу үшін жиналып отырмыз», – деген Шалқыма Хайроллақызы өңірдегі Аналар кеңесінің атқарған жұмыстарын тізбелеп, қатысушыларды форумда көтерілген әр мәселені «менің мәселем» деп қабылдауға шақырды.
КХА республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанай жобаның аты «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» аталуының өзі тегін емес екенін атап өтті.
«Өйткені ұлтты ана тәрбиелейді. Анамыздың мәдениеті жоғары болғанда ғана ұлтымыз мәдениетті болады. Алда тұрған негізгі мақсатымыз саналы қоғам құру. Қазақстан Республикасының Президенті өз Жолдауында адал азаматты тәрбиелеу, қалыптастыру мәдениетін көтерген болатын. Бұл – өзекті. Жалпы мемлекеттің тұғырлы болуы – азаматтың мықты болуымен байланысты», – деді Аналар кеңесінің төрайымы.
«Салтанат сарайында» өткен форумның практикалық бөлімінде көпбалалы аналармен кездесу ұйымдастырылып, «Бесікке салу», «Тұсау кесу» секілді қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс қойылды. Сондай-ақ кеңес мүшелері «Оқушылар сарайында» «Достық», «Жас сарбаз», «Айбын» үйірмелерінің оқушыларымен кездесіп, электронды вейпке қарсы акция өткізді.
Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі қызметін 2013 жылы бастаған. Қазіргі уақытта елдің барлық өңірінде 1 712 кеңесі жұмыс істейді. Оның 178-і аудан және 1 302-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Республикалық форум қорытындысында жыл бойы ерен еңбегімен, мейірімді жүрегімен көпті тәнті еткен аналар «Ел анасы», «Аялы алақан» аталымдарымен, төсбелгілермен, Алғыс хаттармен марапатталды.
Авторы: Кәусар БАЙҒАЛИЕВА