Әлеуметтік саладағы өзекті сауалдарды шешудің бір жолы - қоғамның білім деңгейін арттыру – сарапшы

Автор: Аманалина Тоғжан

Назира Оспанбек Президент Жолдауындағы балаларға арналған бастамалар жайлы айтты

Фото: Informburo.kz

«ӨРКЕН» Ұлттық ғылыми-практикалық балалардың хал-ахуалы институтының аға ғылыми қызметкері Назира Оспанбек Президент Жолдауындағы балаларға арналған бастамалар жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Президентіміздің балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы стратегиялық көзқарасының тереңдігіне назар аударғым келіп отыр. Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдатуды талап етті. Білім беру ұйымдарындағы және отбасындағы балалардың қауіпсіздігін күшейту және профилактикалық шаралармен қоса, жазаны қатаңдату арқылы зорлық-зомбылықтың алдын алуға болатыны анық. Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі заманның өзекті мәселесі – өскелең ұрпақтың психикалық денсаулығын сақтау мәселесін де қозғады», - дейді Назира Оспанбек.

Ол атағандай, Жолдауда осы мәселелерді шешуде келесі ұсыныстар айтылды.

«Олар: білім беру мекемелерінде психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылық пен қорқыту құрбандарына көмек көрсетудің пәрменді бағдарламасын әзірлеу. Кез келген қоғамда зорлық-зомбылық, құқықбұзушылық деген сияқты ұғымдардың орын алуы осы қоғамның білім деңгейі және мәдениетімен тығыз байланысты. Әлеуметтік саладағы өзекті сауалдарды шешудің бір жолы қоғамның білім деңгейін жоғарылату», - дейді сарапшы.

Оның пікірінше, осы тұрғыда «Келешек» бағдарламасын енгізу - еліміздегі әр балаға жоғарғы білім алуға таптырмас мүмкіндік беретін таптырмас жоба.

«Бағдарламаның жүзеге асырылуы оң әлеуметтік-экономикалық әсер беретініне және жастарға жоғары білім алуға қолайлы жағдай туғызатынына сенімдімін. Сонымен қатар, осы бағдарлама ата-аналарға балаларының білім алуына қаражат жинау арқылы жинақтау мәдениетің сіңіруге және жауапты көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді», - дейді ол.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ