«Табаны түсіп қалды»: Азия ойындарына аттанған спортшылар киім сапасына шағымданды

Автор: Azattyq Rýhy

Шенеуніктердің киім сапасы мен стилі спортшылармен келісілгені туралы айтқан пікірі қаншалықты рас?

Коллаж: Azattyq Ruhy

Азия ойындарында еліміздің намысын қорғауға аттанған әр спортшының жетістігі – ел назарында. Тақымын қысып отырған отандастарымыз олардың кейінгі күндері жариялап жатқан шағымына алаңдап қалғаны белгілі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Тау велосипедшісі Алина Сарқұлова жарыс формасына қатысты шағымын әлеуметтік желіде жариялады. Ол спорттық киім үлгісіне қатысты киберспортшы Әнуар Халықбергеновтің пікіріне қосылады.

«Форма туралы пікір білдіргім келеді. Кроссовки туралы айтсам, оны екі-ақ рет кидім, табаны жыртылып қалды. Кеудеше жыртылып жатыр. Шалбар да дәл солай, яғни біздің формамызды бір реттік киім деуге болады», - деп күйінеді спортшы Алина Сарқұлова.

Спортшының бұл бейнежазбасына қатысты қазақстандықтардың пікірі екіге жарылды. Кейбіреуі спортшының шындықты айтқан шешімін қолдаса, енді бірі бұл «елді ұятқа қалдыру» деп жазды.

Айта кетерлігі, Алина Сарқұлова Азия ойындарында төртінші орын иеленді.

«Мен соңына дейін күрестім... Неліктен форма туралы өтірік айтуым мүмкін? Мен өз парақшамда  пікір білдіруге құқылымын. Аяқ киімнің табаны бірінші күні жұлынып кетті. Футболка жеңдерінің тігісі тез жыртылды, шалбар да солай. Оларды кимей тұрғанда-ақ тігісі мен матаның арасында кішкене тесіктер бар екені анық көрініп тұрған», – деп жазды ол жазба астындағы пікірлерінде.

АЯҚ КИІМНЕН АУРУ ЖҰҚТЫРУҒА БОЛАДЫ – СПОРТШЫ

Бұған дейін киберспортшы Әнуар Халықбергенов Ханчжоудағы Азия ойындарына қатысу үшін өзіне берілген спорттық жабдықтардың сапасыздығына шағымданған еді.

«Қазір көбісі менен форманың сапасы туралы сұрайды. Иә, олардың сапасы «қорқынышты». Арасында поло азды-көпті сапалы екен. Қалғанының бәрі бірінші күні-ақ жыртылып кетті. Кроссовкиден тіптен, ауру жұқтыруға болады. Барлық жейдеден Қазақстан туының белгісі жұлынып қалды. Сондықтан оларды кимеймін. Маған берілген қысқа шалбар он есе үлкен, балағы ұзын шалбар сияқты», - деді ол.

Әнуардың айтуынша, ол аяқ киімді бес күн киген, содан кейін ол да жыртылып қалған.

ЖЫРТЫҚ КИІМДІ ТІККЕН – ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕР

Атап айтқанда, Азия ойындарына киім үлгісін тіккен – «КазСпо-N» ЖШС, ал аяқ киімді «Тори Компани» ЖШС тіккен.  

Kozachkov offside Телеграм-арнасының хабарлауынша, «Тори Компани» ЖШС құрылтайшысы – Қадырқұлова Ақбота Қарашқызы. Ол әпкесі Алмагүл Қадырқұловамен бірге Азия ойындары спортшыларына киім тіккен. Яғни, Ақбота Қадырқұловаға тиесілі компания Туризм және спорт министрлігіне аяқ киім сатса, күртешелер мен кеудешені оның әпкесі Алмагүл Қадырқұловаға тиесілі фирма сатқан.

«Спортшыларға арналған аяқ киімге де келісім жасалды. Біз, яғни салық төлеушілер, ол үшін 80 миллион теңгеден астам қаржы төледік. Бұл ақша үшін жеткізуші 1480 жұп беруге міндетті болған. Осылайша, бір жұп аяқ киім құны 54 208 теңгеге шықты. Adal Kyzmet Group ЖШС мен «Тори Компани» ЖШС мемлекеттік сатып алуға қатысқан. Екі лоттың біріншісі – спорттық кеудеше тігу. 1480 дана қажет болған, оның бір данасы 52 528 теңгеге бағаланыпты. Яғни, 77 миллион теңге тек кеудеше үшін төленген.

Екінші лот – спорттық күртешелер (куртка). 1480 дана. Әрқайсысы 98 448 теңгеден тұрады. Осылайша, сатып алудың жалпы сомасы 145 миллион 703 мың теңгені құраған. Яғни, Алмагүл мен Ақбота Қадырқұловалар 300 миллион теңгеден астам сомаға аяқ киім мен сыртқы киімді сатқан», - делінген хабарламада.

Фото: Сали Сабиров

Ал Спортты дамыту дирекциясы ереже бойынша кез келген жабдықты отандық тауар өндірушілерден сатып алу керек екенін айтты.

«Спорттық форманы қазақстандық өндірушілерден сатып алдық. Сонымен қатар дизайн, мата сапасы мәселелері жаттықтырушылар штабының өкілдерімен және спортшылармен талқыланды. Шешім алқалы түрде қабылданды. Спортшылардан Комитетке шағымдар түскен жоқ», - деп хабарлады мемлекеттік орган.

АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНАН КЕЙІН АРНАЙЫ КОМИССИЯ ҚҰРЫЛАДЫ

Тіпті, Азия ойындарынан кейін арнайы комиссия құрылатыны белгілі болды.

«Спортшылардың түрлі жарыста өнер көрсетуі үшін спорттық форма дайындау мәселелері зерттеледі. Қолданыстағы заңнама бойынша спорттық киім-кешек тізілімге кіретін және индустриялық сертификаты мен СТ-KZ сертификаты бар отандық тауар өндірушілерден сатып алынуы тиіс. Спорттық форма осы сертификаты бар өндірушілерден сатып алынды. Айта кету керек, индустриялық сертификаты мен СТ-KZ сертификаты бар отандық өндірушілер саны аз», - дейді ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.

фото Zibroo

Атап айтқанда, «КазСпо-N компаниясы «Zibroo» ЖШС, «ЖК 79-шы КВАРТАЛ» және «ТОРИ КОМПАНИ» ЖШС-мен шарт жасалған.

«Жеткізу толық көлемде жүзеге асырылды. Мысалы, Zibroo компаниясы біздің спортшыларымыздың олимпиада және Азия ойындарына қатысуы үшін жабдықтарды тігіп, өзін адал жеткізуші ретінде көрсетті. Спорттық жабдықтардың дизайны бірнеше рет әлемдік аренадағы ең үздіктерінің бірі ретінде атап өтілді. Сондай-ақ жеткізуші компаниялар қажет болған жағдайда форманы ауыстырып беруге дайын», - деді Мөлдір Әбдуәлиева.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН