31 наурыздан бастап Алматыда көшеде рұқсатсыз жүрген адамдарға айыппұл салынады

Автор: Azattyq Rýhy

Талапты бұзған жүргізушілердің көліктері айып тұрағына жабылады

Фото ашық дереккөзден

Бүгінгі күнге дейін беймезгіл және рұқсатсыз көшеге шыққан тұрғындарға Алматы полицейлері тек ескерту жазумен ғана шектеліп келді. Карантиндік режимді бұзғандар «Сергек» камералары арқылы да анықталады деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Үйден тек азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу және медициналық мекемеге жедел бару кезінде ғана шығуға рұқсат. Тіпті, балалар ересектерсіз далаға шығып кетсе де ата-анасына айыппұл жазылады. Яғни, ата-аналар немесе балалардың қамқоршылары ҚР ӘҚбК-нің 476 бабына (Төтенше жағдай режимін бұзу) сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Алматы қаласында карантиндік режимді күшейту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімінің орындалуын бақылау үшін 28 наурыз күні сағат 00:00-ден бастап полиция қызметкерлері және Ұлттық ұлан сарбаздары қала көшелерін күзетуді күшейтті. Негізгі назар насихат жұмыстарына бағытталады. Дегенмен, төтенше жағдай режимін және шектеуді қасақана бұзған жағдайда, құқық бұзушыға қатысты қылмысының ауырлығына байланысты әкімшілік және қылмыстық шаралар қолданылады. Бұл шаралар ең алдымен қалада коронавирустың таралу қаупін азайтуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне бағытталған», - деді Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.

Азаматтардың көптеп жиналуына мүлдем жол берілмейді. Талапты тыңдамаған тұрғындарға ҚР ӘҚбК-нің 473-бабы (қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын адамдардың заңды талабына бағынбау) және 476-бапқа (Төтенше жағдай режимін бұзу) сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады. Карантиндік шараларды күшейту үшін қалада жүріс бөлігін тарылту және шектеу белгілерін орнату арқылы 26 пост ұйымдастырылады. Төтенше жағдайдың режимін қасақана бұзатын автокөлік иелері ҚР ӘҚбК-нің 785-бабына сәйкес айыппұл тұрағына жабылады.