Елордада қандай азаматтардың тегін маскамен қамтылып отырғаны айтылды
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қалада кепілдендірілген медициналық көмек аясында бірқатар азаматтар тегін медициналық маскамен қамтылып жатқанын айтты.
«Диспансерлік есепке алынған, онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар, жүкті әйелдер, жасы 65-тен асқан азаматтар толық маскамен қамтылуда. Сонымен қатар, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына тіркелген тұрғындарды маскамен қамтамасыз ету мақсатында «СК Фармация» компаниясы арқылы маскалар жеткізіліп жатыр», - деді Б.Мәкен.
Оның айтуынша, 22-29 наурыз аралығында қала дәріханаларында 1 миллионнан астам маска сатылған. Бүгін тағы 300 мың маска «Еурофарма» дәріханалар желісі арқылы сатылымға шығады.
Ал «Birgemiz» акциясы аясында еріктілер 3,5 мыңнан астам отбасыға азық-түлік пен маскалар, антисептиктер таратқан. 25 наурыздан бастап олар диспансерлік есепте тұрған қарттарға дәрі-дәрмек те апарып жатыр. Волонтерлер «Қазпоштамен» бірлесіп зейнеткерлерге зейнетақысын жеткізеді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан