Жарамсыз күйге түскен мүліктің шығынын әзірге кімнің өтейтіні белгісіз
Екібастұзда 3 үйдің ауласын су басып қалды. Бұған жылу құбырын сынақтан өткізу кезіндегі апат себеп болған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Тек тұрғындардың бау-бақшасы мен даладағы дүние мүлкі суда қалған. Жарамсыз күйге түскен мүліктің шығынын әзірге кімнің өтейтіні белгісіз. Тұрғындар әлі күнге дейін ашық жатқан құбырлар уақытылы жөнделеді дегенге де күмәнмен қарап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Жарылған құбырдан атқылаған ыстық су Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 3 үйдің ауласын басып қалды. Тұрғындар ала жаздай өсірген көкөністерін жинап үлгере алмады. Барлығы жарамсыз күйге түскен.
Әлі күнге дейін құбырлардағы жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Тұрғындар жылу уақытылы берілмей қала ма деп алаңдап отыр.
«Жұмысшылар таңертең сағат 10-да жұмыс істеп жатқан. Сағат 12-ге қарай келсем ешкім жоқ. Түскі асқа кетіп қалыпты. Міне, сағат 13.30 болды. Әлі ешкім жоқ. Мынау құбырларды жазда қазып тастаған. Әлі көмілген жоқ. Күз келді. Бұлардың мына түріне қарап, жылу береді дегенге сенбеймін», - дейді қала тұрғыны Николай Неупакоев.
Қала әкімінің сөзінше, 4 жылу магистралінде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі күні оның үшеуі аяқталды. Бір жылу құбыры қажетті жабдықтың жоқтығынан тоқтап қалған.
«Бүгінгі күні келе жатыр. Ертең 4 компессатор келеді. Оны орнату үшін бір тәулік уақыт керек. Содан 5,8,12 магистральдар бір-біріне жалғанғаннан кейін жууын, сынағын 20-нан 25-не дейін көздедік қыркүйек айының. Екіншісін 25-нен 30-на дейін деп жоспарладық. Бүгінгі барлығы жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Ешқандай тәуекелдер жоқ», - деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Шаһар басшысы жөндеу жұмыстары қыркүйектің соңына дейін аяқталады деп сендірді. Ал жылу беруді 1 қазанда бастамақ.