Азаматтар Назарбаев мектебі мен университетін тексере алады

Автор: Аягөз Құрмаш

Үкіметке қатысы барлық мекемені тексеруге болады

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров Сенат отырысының кулуарында «Қоғамдық бақылау» заң жобасы аясында азаматтар қандай мекемелерді тексере алатынын айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Заңда барлығы нақты көрсетілген. Нені тексерігіңіз келеді? Қоғамдық бақылау нысандарына мемлекеттік ұйымдар, квазимемлекеттік ұйымдар мен емхана, мектеп, мемлекеттік қызметті ұстанатын ұйымдар жатады. Үкіметтің қатысы бар мекемелерді тексере аласыз. Мысалы, мектепті тексеруге барам десеңіз, сол мектептің басшылығына  ненені тексергіңіз келеді, не үшін екенін айтып хат жазасыз. Содан кейін уақытын белгілейсіз. Үкіметке қатысты мектеп, емхана, кәсіпорын болсын олармен күнін келісесіз. Мысалы, асханада бала улланып қалды, сол жерді тексергіңіз келсе, мектеп басшылығы асханадағы тазалықты сізге аралатып көрсетуі керек», - деді Данияр Қадыров.

Вице-министр атағандай, оны қарағаннан кейін 10 күннен соң қорытынды жасалуы керек.

«Олқылықтар мен кемшіліктерді жою жайлы мектеп басшылығына жазып жібересіз. Ал мектеп басшылығы 10 күн ішінде сізге жауап беруге тиіс. Бұл жауап электронды алаңдарда ашық жарияланауы керек. Әр азамат жалғыз барып тексере алады. Оның ішіне Назарбаев мектебі мен университеттері де кіреді. Қоғамдық бақылау дегеніміз азаматтарға мемлекеттік ұйымдардың ашықтығын көрсетеді. Егер мемлекеттік ұйымдар жайлы барлық ақпарат электронды түрде жарияланса, барып тексерудің де қажеті жоқ. Ал нақты сұрақтар мен мәселе болса, азаматтар барып тексере алады», - деді вице-министр.