Ол дәрігерлерге арналған қолжетімді бағдарлама жоқ екенін айтты
Сенатор Бибігүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында медицина қызметкерлерінің проблемалары туралы айтып берді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Оның айтуынша, елордадағы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы медицина қызметкерлерінің 40%-ында тұрғын үйі жоқ.
«Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша әскери қызметшілер және басқа әлеуметтік жағынан әлсіз топтар өкілдері баспана ала алады. Бірақ медицина қызметкерлеріне арналған жеңілдетілген несиемен үй алуға мүмкіндік беретін бірде-бір қолжетімді бағдарлама жоқ. Медицина қызметкерлері деген санатқа кіретіндерге бөлек тұрғын үй бағдарламасын немесе жеңілдетілген несие беру туралы бағдарлама қабылдау мәселесін қарастыруыңызды сұраймын», - деді сенатор.
Депутат медицина қызметкерлері үшін демалыс күндерін ұлғайту мәселесіне де Үкіметтің назарын аударды. Емхананың медицина қызметкерлерінің жыл сайынғы еңбек демалысы күндерінің жалпы саны еңбек жағдайына байланысты күнтізбе бойынша 36-дан 42 күнге дейін болады.
«Педагогтың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, педагогтарға жыл сайын ұзақтығы 56 күнтізбелік күнге ақылы еңбек демалысына кепілдік беріледі. Осының негізінде медицина қызметкерлері үшін еңбек жағдайларына байланысты кемінде күнтізбелік 40 күн және одан да көп күндерді құрайтын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы күндерінің санын көбейту мәселесін қарауды сұрайды», - деді Бибігүл Жексенбай.