«Кореяда 20 мыңға жуық қазақ жүр»: депутат отандастарымыздың заңды еңбек етуі мәселесін көтерді

Автор: Аягөз Құрмаш

Нартай Сәрсенғалиев отандастырымызға Е-9 уақытша еңбек визасы берілуі керек дейді

Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

«AMANAT» партиясының фракция мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Оңтүстік Кореяда қазақстандықтардың заңды еңбек етуіне келіссөздер жүргізуді талап етті, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Еңбек миграциясы қазір өте өзекті мәселеге айналды. Өзге елге жұмыс іздеп кеткен қазақстандықтардың саны мыңдап саналады. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген. Жалақыға жарымай, табақтай дипломына лайықты жұмыс таппай, қымбатшылықтың қамытын киіп, әлеуметтік әділетсіздіктің зардабын тартқан қазақ жастары қазір әлемнің әр түкпірінде қара жұмыс істеуге мәжбүр. Оларды сөгуге ешкімнің құқығы жоқ. Қазір сол азаматтарымыз заңдық тұрғыда мүлдем қорғансыз қалып жатыр. Оның бір дәлелі – Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жатқан отандастырымыз», - деді Сәрсенғалиев.

Депутат ресми деректі айтып, мысал да келтіріп өтті.

«Ресми дерекке сүйенсек, 2022 жылғы жағдай бойынша Оңтүстік Кореяда  еліміздің 9 600 азаматы заңсыз еңбек мигранты болып жұмыс істеген. 2020 жылы Оңтүстік Корея аумағында заңсыз еңбек мигранттары ретінде жүрген қазақстандықтардың саны 8 902 адам (2019 жылы – 10 707 адам, 2018 жылы – 11 413 адам) болды. Бірақ ресми сандар шынайы жағдайды көрсетпейді, себебі қазір Оңтүстік Кореяда 20 мыңға жуық қазақстандық жүр, оны отандастарымыздың басын біріктіретін орталықтар растап отыр. Заңсыз жүрген еңбек мигрантының жағдайы түсінікті. Еңбек құқығы қорғалмайды, заңға сүйеніп жұмыс берушіден өз құқығын талап ете алмайды. Соның салдарын санамалап айтсам сұмдық. Мәселен 57 жастағы қазақстандық азамат Оңтүстік Кореяға еңбек мигранты болып барып көз жұмғанда, оның денесін әкелу үшін туыстарының жылу жинап кеткені есімізде. Одан бөлек, сол елдегі өндіріс орындарында қолынан айырылған, басқа да жарақат алған отандастарымыз маған арыз айтты. Себебі оларға ешкім өтемақы төлемейді, қажет десе жұмыс беруші оларды заңсыз еңбек мигранты ретінде құзырлы орындарға ұстатып жібере алады», - дейді депутат.

Оның айтуынша, отандастарымыздың құқығының қорғалмауының себебі екіжақты келісімшарт негізінде берілетін Е-9 уақытша еңбек визасы берілмеуі.

«Мемлекет басшысы 2020 жылдың қазанында «Бірқатар елде қазақстандықтар заңсыз, жасырын жұмыс істеп жатыр. Мұндай жағдайда еліміздің азаматтары өзге елде тіркелу қиындықтары мен түрлі тұрмыстық мәселеге тап болады» деп Үкіметке мәселені шешуді тапсырған болатын. Бірақ әлі күнге дейін бұл түйткілдің түйіні тарқаған жоқ. Корея Республикасымен 16 ел (Қытай, Вьетнам, Филиппин, Таиланд, Индонезия, Шри-Ланка, Моңғолия, Өзбекстан, Камбоджа, Бангладеш, Пәкістан, Непал, Мьянма, Қырғызстан, Шығыс Тимор, Лаос) Еmployment Permit System – EPS («Еңбек рұқсаттары жүйесі» – ЕРЖ) шетелдіктерді жұмысқа орналастыру жүйесіне қосылғанын білеміз. Аталған жүйеге Қазақстан неге қосыла алмай келеді?», - деді Сәрсенғалиев.

Ол атағандай, қазақстандық азаматтарды шетелде жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі тікелей ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзыретіне кіреді.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 Қаулысының 2-тарауына сәйкес Еңбек министрлігінің міндеттеріне жұмыспен қамту, өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны және босқындар саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, салааралық үйлестіруді және мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру жүктелген.

Үкімет жол картасын жүзеге асыру барысында жүргізілген дипломатиялық келіссөздер нәтижесінде, биылғы наурызда Корея Республикасы үкіметі Қазақстанның көптеген сұрауын ескере отырып, «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment Permit System (одан әрі – EPS) Қазақстан Республикасын енгізу мәселесін қайтадан қарастырып, тиісті келіссөздерді жүргізуге дайын екенін білдірді», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, Корея тарапынан келіп түскен хатта Қазақстанды ЕРS-ге енгізуге қатысты қойылатын шарттар көрсетілген.

«Атап айтқанда, жұмысқа жіберу үшін тиісті инфрақұрылым мен нақты маманданған жіберуші органның болуы міндетті. Корея тарапы қажет болған жағдайда тиісті мамандарын жіберіп, әдістемелік көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген. Бүгінге дейін екі ел арасында 7-раундтық келіссөз жүргізілген, бірақ әлі нәтиже жоқ. Тіпті аталған мәселелерді реттеу үшін арнайы миграция комитеті де құрылып еді. Бірақ олардың нәтижелі жұмысын көрмеді. Ал шетелде заңсыз еңбек мигранты ретінде көзі жәудіреп мыңдаған қазақ баласы жүр. Нақты сұрақ, біріншіден, Қазақстан қашан «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment Permit System (EPS) енеді? Қазақстандықтар қашан Оңтүстік Кореяда заңды еңбек мигранты ретінде еңбек ете алады?», - деді ол.

Осыған орай депутат бірқатар ұсыныс жасады:

  • Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қосу үшін тиісті іс-шаралар жоспарын пысықтау;
  • Екі ел арасында ортақ келісім жасалғанша Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек мигранты болып жүрген 20 мыңға жуық қазақстандықтың құқығын қорғайтын заңдық тетікті табу.