«Тиісті мекемеге ұсыныстар жолданды»: Қарағанды облысында жастарға қолдау қалай көрсетіліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Облыста бұл бағытта бірқатар бастамалар қолға алынған

«AMANAT» партиясы жанындағы жастарды қолдау бойынша Қарағанды облыстық кеңесінің төрағасы Асқар Оразбеков облыста жастар саясаты бойынша атқарылып жатқан бастамалар мен іс-шаралар жайлы айтып берді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, кеңес құрамында әртүрлі сала өкілдері бар.

«Кеңесте дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпкерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары мен журналист-блогерлер сынды мамандар бар. Жастар - қоғамның қозғаушы күші, мемлекетіміздің тірегі. Жастардың ұсынысымен көптеген жаңашылдық болады. Олардың түрлі мәселелерді шешу үшін ойлары бізге өте маңызды. Биыл біз студенттік жатақханалардың жағдайын, көпқабатты үйлердің балалар ауласын тексеріп қайттық. Көшедегі қауіпті орындарды, мысалы, ашық қалған құдықтар, жолдардың жағдайын да бақылап шықтық», - дейді Оразбеков.

Оның айтуынша, осындай мониторинг арқылы кеңес аймақтың проблемаларын шешуге атсалысып келеді.

«Қазір жедел желі арқылы кері байланыс бар. Тұрғындардың көбі өзекті проблемаларын айтып, олар шешілген соң алғысын жеткізіп жатады. Қазір лудоманияның алдын алу, жасөспірімдер арасында зиян әдеттерді болдырмау жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Жастармен, жас кәсіпкерлермен ашық сұхбат құрып, қолдау шараларын жоспарлап қойдық», - дейді ол.

Асқар Оразбековтың айтуынша, қазіргі таңда Қарағанды облысындағы 46 студенттер жатақханасының 7-еуі ғана жаңа.

«Көбі талапқа сай келмейді. Мысалы, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің жатақханасы 70 адамға арналған. Оларға бір-ақ душ, екі электр плитасы, бір қабатта жалғыз ғана розетка қарастырылған. Ғимараттағы сымдар әбден ескірген, салдарынан жарық жиі сөнеді. Көбіне жоғарғы оқу орындарында ғана студенттердің жатар орны жақсырақ. Қауіпсіз қала акциясы бойынша және монитринг бойынша тиісті мекемелерге ұсыныстар жолдадық. Ашық құдықтар, балалар аулалары тексерістен кейін ретке келтіріліп жатыр. Ал жатақханалардың жағдайын қазан айында тағы бір қараймыз», - дейді ол.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН