Шымкентте мемлекеттік баж салығына негізсіз ақы қосылған

Автор: Azattyq Rýhy

Әзірге азаматтарға келтірілген шығын көлемі анықталған жоқ

Фото ашық дереккөзден

Шымкентте жүргізуші куәлігіне төленетін мемлекеттік баж салығына негізсіз ақы қосылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына мониторинг жүргізіп «Қазпошта» кассасындағы жымысқы әрекеттерді әшкереледі. Заң аясында компанияның комиссиялық төлемі 200 теңгеден аспауы тиіс. Бірақ күніне жүздеген адам автокөлік басқаруға рұқсат алу үшін негізсіз 300 теңге қоса аударып, 4 мың 850 теңге төлеп келген. Әзірге азаматтарға келтірілген шығын көлемі анықталған жоқ. Ол үшін салалық департаменттер мен комитетке талдау нәтижесін шығаратын ұсыныс хат жолданды.

 «Яғни бұл жерде айырмашылық 300 теңге көлемінде. Әрине ол сіздерге аз сома сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ күніне қаншама адамның жүргізуші куәлігін рәсімдеп жатқанын ескерсек, жылына қаншама адамның жүргізуші куәлігін рәсімдеп жатқанын ескеретін болсақ бұл миллиондарға жетіп жығылатын сома», - деді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер» жобасының мүшесі Айжан Кесебаева.