Ауылдық округтің құрамына тек бір ауыл кіреді
Абай ауданы Қарауыл ауылдық округінің әкімі Өмірбек Бекбаев елді мекеннің дамуы бойынша атқарылған жұмыстар жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Округ әкімі 2014 жылдан бастап «AMANAT» партиясының құрамында екенін атап өтті.
«Қарауыл ауылында 1300 үй бар, онда 5,5 мың халық тұрады. Былтыр мемлекеттік бағдарлама аясында 96 тұрғын көшіп келді. Биыл ауылда басқа ауылдардан көшіп келгендерге арналып 42 баспана салынып жатыр. Ауылда азаматтық қоғамның қызметі қарқынды дамыған», - деді әкім.
Ол ауылда атқарылған бірқатар игі бастамаларды атап өтті.
«Мен Абай ауданы Қарауыл ауылдық округінде 2020 жылдан бастап ауыл әкімі болып қызмет атқарамын. Осы уақыт аралығында мемлекеттік бюджет арқылы ауылымызда 300 орындық мектеп, қазіргі заманға сай стадион, ауыл балаларына арналған бассейн, мұз айдыны ашылып ел игілігіне қызмет жасап келеді. Сондай-ақ, 10 көшеге асфальт төселді, 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолы жасалды, су, жылу жүйелері толықтай жаңартылды», - дейді Өмірбек Бекбаев.
Оның айтуынша, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай көлемі 15 гектарды құрайтын Абай саябағы салынып, ипподром жөндеуден өткен.
«Ауылымыздағы көпбалалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға және жас мамандарға арналып көп қабатты 2 тұрғын үй және мемлекеттік бағдарлама аясында 96 баспана пайдалануға берілді. Биыл ауылымызда 2 балалар алаңы, 2 көшеге жаяу жүргіншілер алаңы салынды. Оған қоса саябақтар мен көшелерге 120 мың дана гүл егіліп, 1000 түп түрлі ағаш көшеттері отырғызылды», - дейді әкім.
Сондай-ақ ол ауыл тұрғындарының бастамасымен атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтті. Әкімнің айтуынша, ауыл халқы өте ұйымшыл, кез келген бастаманы жүзеге асырарда жұмылып, бірге әрекет етеді.
«Пандемия кезінде ауданымызға құны 25 млн теңгеге 56 ИВЛ аппараты және тегін азық-түлік, дәрі-дәрмек таратылды. Бородулиха ауданына өрттен зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде 600 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Ауыл азаматтарының демеушілігі арқылы 150 млн теңгеге 300 орындық Құнанбай қажы мешіті салынып, 50 млн теңгеге 300 кісілік қатымхана пайдалануға берілді. Құны 38 млн болатын Тоқтамыс батыр ескерткішімен 35 млн теңгеге Кеңгірбай би ескерткіші бой көтерді. Ауыл тұрғындарының ұйымдасуымен өзен бойларына 500-ге жуық тал көшеті отырғызылды», - дейді Өмірбек Бекбаев.
Сондай-ақ ол ауыл тұрғындарының демеушілігімен 1 қазанда спорт алаңдары ашылатынын айтты.
«Ауылдағы 2 көше, яғни Ұлжан, Шәкәрім көшелері тұрғындарының өз қаражатымен құны 15 млн теңге тұратын воркаут және футбол алаңының құрылысы салынып жатыр. 1 қазан күні аяқталуы жоспарлануда», - деді ол.
Округ әкімінің айтуынша, ауыл тұрғындары құрған «Ел аманаты» қайырылымдылық қорының қолдауымен көпбалалы, аз қамтылған отбасына жаңа заман талабына сай салынып жабдықталған автокөлік жөндейтін техникалық станциясының кілті табысталды.
«Қазіргі таңда бұл сервистік қызмет көрсету орнын аудан тұрғындары мен қонақтарына өз қызметін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, «Ел аманаты» қоры тарапынан Қарауыл ауылында тұратын 2-топ мүгедектігі бар, жалғыз басты азаматқа жаңадан баспана салып берді. Ауылымызда мемлекеттік бағдарлама аясында қымыз өндіру цехы, әртүрлі кірпіш шығару цехтары, қымыз және саумалдан балмұздақ жасау кәсіпорны, бірнеше мал бордақылау алаңдары, мал сою алаңдары іске қосылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алу қарқыны өте жоғары», - деді ол.
Өмірбек Бекбаев атағандай, ауыл жастары қоғам өміріне белсенді араласады.
«Абай жомарт жастары» қоғамдық бірлестігі ауылымыздағы әлеуметтік осал топтарға жыл бойына 4 миллион теңгенің көлемінде әлеуметтік көмек көрсетуде. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауданға бөлінген 114 млн теңге қаражаттың 100 млн-ға жуығын Қарауыл ауылының тұрғындары иеленді. Ауылымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысқандықтан ауылымызда малды қамап егетін, таңбалайтын (раскол) орын салынды, малды суғару үшін 3 бағытта құдықтар қазылды, ауыл тұрғындарының малын бағуы үшін арнайы аудандық жер қорынан 54 мың гектар белгіленіп берілді», - деді округ әкімі.
Қарауыл ауылдық округінің әкімі Өмірбек Бекбаев 2023 жылы республикалық «Үздік ауыл әкімі» жобасы байқауына қатысып 3-орын иегері атанған. Облыстық «Үздік ауыл әкімі» жобасының жеңімпазы.