Тегін интернет, «Ауыл аманаты» несиесі, демеушілік көмек: әкім Мерей ауылдық округінің дамуы жайлы

Автор: Аягөз Құрмаш

Округ құрамына 5 ауыл кіреді

БҚО Тасқала ауданы Мерей ауылдық округінің әкімі Орынбек Насимуллин ауыл-аймақтағы атқарылған жұмыстар жайлы айтып берді. Әкім 2008 жылдан бері «AMANAT»  партиясының құрамында, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Орынбек Насимуллин округ әкімі қызметіне кіріскелі 2,5 жыл өткен. Осы уақыт аралығында ауылдарда жүзеге асырылған бастамалар мен игі істер аз емес дейді ол.

«Мерей - Тасқала ауданының солтүстік-шығысында орналасқан іргелі ауыл.  Ауылдың инфрақұрылымы жақсы дамыған. Мерей ауылдық округіне 5 ауыл кіреді. Орталығы Мерей болса тағы Айнабұлақ, Тоғайлы, Өркен және Аққайнар ауылы осы округке қарайды. Ауылдардың негізгі күнкөрісі мал және егіс шаруашылығына бағытталған. Барлық ауылға бірдей көңіл бөлініп, жұмыстар атқарылып жатыр. Жеке тізбектеп айтатын болсақ, мысалы, Айнабұлақ елді мекенінде фельдшерлік пункт салынды. Мерей, Айнабұлақ, Тоғайлы  ауылдарында балалар ойын алаңын жаңадан салып бердік.  Осы 2,5 жылда 4 бөгетке 20 мың балық шабағы жіберілді. Тоғайлы елді мекеніне газ өткізу үшін жобалық сметалық құжат және Мерей ауылының ішкі электр желісін толық ауыстыру үшін жобалық сметалық құжаттары демеуші арқылы жасалды», - деді Орынбек Насимуллин.

Округ әкімі атап өткендей, Мерей ауылына жыл сайын 2 мың түп гүл егіледі.

«Тұрғындардың жайлы әрі әсемдікте өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Сондай-ақ  жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілердің көмегімен  500-600 мыңға оқу құралы, киім-кешек алынып беріледі. Оған қоса аз қамтылған отбасыларға биылдан бастап 2 жылқы, 1 бас сиыр, 6 қой берілді. 10 үйге қысқы 100 рулон шөп берілді.  3 үйге жем жеткізілді. Тұрғындарға демеушілердің қолдауымен  осындай да көмек көрсетіліп тұрады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 16 адамға 2,5 пайыздық несиені сүтті сиыр сатып алу үшін алып бердік. Биыл әртүрлі бағытта қайырымдылық іс-шаралары да жүзеге асырылды. Шаруа қожалықтарына 17 жаңа техника сатып алынды. Жұмыссыз жүрген 14 адамға кәсіп ашу үшін грант алып бердік. Ауылға жұмысқа кіріскенде 4 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын еді. Қазір мұқтаж отбасы жоқ», - деді ол.

Оның айтуынша, Цифрлық даму және инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ғарыш орталығы арқылы Өркен ауылына спутниктік тегін интернет тартылды.

«Биыл осы шаруаны жүзеге асырдық. Тұрғындар тарелка арқылы тегін интернетпен қамтамасыз етілді. Оған қоса, абаттандыру бойынша ауылдарда көптеген іс тындырылды. Атап өтсек,10 қоқыс контейнері, 10 «беседка», 5 велотұрақ,  аялдама, көше атаулары жазылған 54 белгіше жол жиектеріне орнатылды. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдың 7 көшесіне асфальт төселіп жатыр. Сондай-ақ аталған бағдарлама аясында мектеп те салынды. Қазір таңда ауылда мәдени-спорттық кешеннің құрылысы да жүріп жатыр», - деді әкім.

Округ әкімі Орынбек Насимуллин былтыр Батыс Қазақстан облысы бойынша «Үздік ауыл әкімі» байқауының жеңімпазы атанған. Оның айтуынша, әкімдік қызметтегі ең басты ұстанымы халыққа ашық болу.

«Еститін мемлекет» қағидасы аясында барлық мемлекеттік қызметкер ашық болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан халықтың өзекті мәселелері бойынша дер кезінде шешім қабылдап, ұсыныстарға ашық болуды жөн көремін. Елді мекендерді дамыту бойынша жүзеге асырылатын жоспарлар да өте көп. Атқарылған жұмыс та аз емес деп айта аламыз», - деп түйіндеді Орынбек Жамбылұлы.