Жүргізуші оңайлатылған тәртіпте айыппұлдың 50 пайызын өтей алады
Оралда 5 күнде жол ережесін 33 рет бұзған 19 жастағы жүргізушіге 1,5 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 15 қыркүйек күні Suncar Smart Qorgau жүйесі облыс орталығында жылдамдықты әлденеше рет арттырған «ВАЗ-2112» автокөлігін анықтады.
«Аталған автокөлік шамамен сағат 10.10-да Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен Х.Есенжанов көшесінде тоқтатылды. Жүргізуші Орал қаласының 19 жастағы тұрғыны болып шықты. Бес күннің ішінде 33 рет жылдамдықты асырған оған 1,5 млн көлемінде айыппұл салынды. Жүргізуші оңайлатылған тәртіпте айыппұлдың 50 пайызын өтей алады, яғни, ол 500 мың 250 теңгені құрайды. Қазіргі уақытта автокөлік арнайы тұраққа қойылды», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ағашқа соғылған жүк көлігінің жанып кеткенін жазған болатын.