Ақтөбе облысындағы Сарбие ауылында көмекке мұқтаж бірде бір отбасы жоқ – округ әкімі

Автор: Azattyq Rýhy

Елдімекенде 1 200-ден аса тұрғын бар

Ақтөбе облысындағы Сарбие ауылдық округінде тұрмысы нашар бірде бір отбасы жоқ. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсы жолға қойылған. Аз қамтылған немесе мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар бұл ауылда мүлдем жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Округ халқы түгелге жуық мал шаруашылығымен айналысады. Ойыл ауданы облыс ораталығынан 250 шақырым қашықта жатыр. Аудан мен облыс орталығын жалғайтын жол жоқ. Бірақ қиындыққа қарамастан кәсіппен айналысқан халықтың тұрмыс жағдайы жаман емес. Ал әкімдік Сарбие ауылындағы онсыз да еңбекқор халықтың жол, су, жарық сынды коммуналдық мәселелерін түгелдей шешіп берген. 

«Ауыл аудан орталығынан 65 шақырым жерде орналасқан. 2020 жылы осы окургке тағайындалдым. Ауылға келгенде әлеуметтік жағдайы қиын еді. Еңсесі түсіп кеткен, тал жоқ, үйлер құлап жатыр. Ең бірінші осы бүкіл халықтың үйлерін жағалап жүріп, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Халық біргігіп еді, ауыл жанданды. Мұнда зауыт, фабрика жоқ. Малмен күн көреді. Тұрғындардың өзінде үш мың бас ірі қара, 20 мыңдай қой бар. Бұл тек тұрғындардікі. Жылқының өзі 3 мың басқа жетті. Халықтың өтінішімен көшелерді реттеп, жоба жасаттық.  Жолдарды асфальттап, 13 көшені жарықтандырдық. 2021 жылы 4 көшеге асфальт төселді. Мектепті күрделі жөндеуден өткіздік, амбулаторияны жаңаладық. 100 адам сыятын ауылдық клубты да жаңаладық. Мал ішетін су да жоқ еді. Ауыл сыртында екі жерден құдық қаздырдық, басына астау қойдық. Сосын ауылдың ішінде өріп жүрген малды сыртқа шығарттым. Екі бағытта мал сыртта жайылады. Ауылымызда 1 224 тұрғын бар. Жылдық бюджетіміз 54 миллион», -деді Ақтөбе облысы Ойыл ауаны Сарбие ауылдық округінің әкімі, AMANAT партиясының мүшесі Дәурен Бисебаев. 

Ауылдың абаттандырылуы мен сәулеті жоғары деңгейде қолға алынған. Жол белгілері, жарық шамдары орнатылып, көшеде тұрмыстық қалдықтар жинақтайтын арнайы жәшіктер орнатылған. Балалар үшін ойын алаңқайлары және жасөспірімдер үшін спорттық алаңдар да бар. Кәсіпкерлік саласы бойынша халыққа қызмет көрсету орындары ашылып, ауылда бүгінгі таңда 5 азық-түлік дүкені, 1 киім-кешек дүкені, 1 дөңгелек жөндеу орыны, 2 шаштараз, 1 наубайхана, 1 газ құю бекеті жұмыс жасап тұр. Сарыбие ауылдық округіне қарасты Қаракөл елді-мекеніне модульдік су тазарту сүзгісі орнатылып, қазіргі таңда ауыл халқы 100 пайызға сапалы ауыз сумен қамтылып отыр.

Ойыл-Сарбие бағытындағы жолға орташа жөндеу жұмыстары жасалынып, жол-көлік қатынастары қалыпқа келтіріліп жатыр. Ауылдық округте 1 орта мектеп, 1 бастауыш мектеп бар. Орта мектеп модернизациядан өткізіліп, заманауи кабинеттермен жабдықталған. Ауылдық округте «Бұйра» ЖШС, 30 шаруа қожалығы, 36 жеке кәсіпкер, 2 өндірістік кооператив тіркелген. Бұл шаруашылық құрылымдары негізінен ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен айналысады. Әкім өңірде туристер мен инвесторларды да тартатын мүмкіндік көп дейді.

«Ауданда да көп жұмыстар жасалып жатыр. Тұрғындарың көбі ауданға шоғырланып жатыр. Қазір олардың саны 7,5 мыңға жетті. Сол үшін ауыз суды реттеу керек. Су жетіспейді. Тұрғындар үй салғысы келеді, бірақ оларға су жетіспейді. Электр энергиясы да тапшы. Ауданда 18 мыңдай тұрғын бар. Малмен отыра бермей, зауыт ашуға болады. Айналамызда табиғи бор бар. Одан түрлі құрылыс материалдарын жасауға болады. Оған инвестор тарту керек. Ұзындығы 25 шақырым, ені 10 шақырым алып орман бар. Сол аумақты туристік орынға айналдыру керек. Жан жақтан туристер де келер еді, инвестор да тартылады. Ауданның жолын Атырау-Ақтөбе магистралімен қосса, тұрмыстық жағдайы түгелдей шешілер еді. Логистика да дамитын еді. Облыс орталығынан 250 жерде жерде жатырмыз. AMANAT партиясы арқылы 40 шақты көшеге асфалть тартылды. Көшенің қалған 15 пайызын жаңалау туралы мәселе көтерліп жатыр. Бізде қазір ең күрделі мәселе Қараой және Сарбие ауылдық округтері. Қараой аудан орталығынан 90 шақырым алыс. Екі округті ауданмен жалғайтын жол жоқ. Қыста, көктемде өте қиын. Осы мәселені шешу керек. Екі жыл бұрын басталып, орта жолда шала қалып қалды», - деді әкім.