Спорт комментаторы кей азаматтардың Туды бес-алтыдан уыстап алғандарын айтты
Спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен жанкүйерлердің әрекетін сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Нұрлан Қоянбаев өз қалтасынан 40 мың доллар шығарып, Қазақстанның Туын 20 мың адамға тегін таратты. Менің көзімше болған жағдай. Сағат 17:00-де көліктің артынан алып кіргізіп бердік. Сол Туды екінші ойында таппай қалдық. Адамдар алып кеткен. Біреулер 5-6-уын уыстап алып, келесі күнгі матчта 3 мың теңгеден сатып жүр», - дейді спорт комментаторы.
Еске салсақ, «Астана-Финляндия» матчында қазақстандық продюсер Нұрлан Қоянбаев өз қаражатын жұмсап, 20 мың Туды жанкүйерлерге таратып берген еді.
Ол Ту тарату туралы идеясын жүзеге асыруды бірнеше ай бұрын бастағанын, шет елдерге тапсырыс бергенін айтқан еді.
«3 ай бұрын дайындалдым. Қазақстан құрама командасының ойындары күзде болатынын білемін. Көк Туларды сатып алып таратайын дегенмін. Қарасам Қазақстанда ондай жоқ екен. Бір дүкенде 100-і бар, екінші дүкенде 70 данасы бар. 30 мың, 20 мың данасын сататын жерлер жоқ екен. Шетелден тапсырыс беріп тіктірттік. Алматы, Түркия, Қытайға да тапсырыс беріп тіктірттік. Кеше алып келдік. Әрең дегенде үлгердік. 20 мың Ту тараттық», - деген еді Нұрлан Қоянбаев.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ