«Электр энергиясы жетіспейді, интернет әлсіз, қоқыс жәшіктері де жоқ»: сенатор елдегі туризм жайлы

Автор: Аманалина Тоғжан

Сұлтан Дүйсембинов Қазақстандағы демалыс орындарының жағдайын сынады

Фото: golos-naroda.kz

Туризмді дамыту еліміздің экономикалық өсуінің маңызды факторы бола алады. Сенатор Сұлтан Дүйсембинов өзінің депутаттық сауалында осы мәселе туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутаттың айтуынша, әрбір екінші шетелдік турист бір жұмыс орнын ашуға ықпал етеді. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметтері бойынша туризм экономиканың мұнай өндіруден кейінгі екінші рентабельді секторы болады екен. Қазақстанда табиғи парктерде экотуризмді дамытуға зор мүмкіндік бар. Алайда, тиісті инфрақұрылымның болмауы бұл процесті шектеп отыр.

«Жазғы демалыс уақытында Алакөл жағалауындағы демалыс аймақтарында электр энергиясы қуатының жетіспеушілігі байқалады, интернет пен байланыс сапасы сын көтермейді, жағалауларды бекіту жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат 3 жылдан бері игерілмей келе жатыр. Есік көлінің аумағында жеке гигиена пунктері, қоқыс жәшіктері, көрнекі ақпараттық стендтер мен нұсқаулықтар, телефон байланысы мен интернет секілді қарапайым қажет жағдайлар жасалмаған, демалыс объектілері абаттандырылмаған», - деді Сұлтан Дүйсембинов.

Сенатор шаруа қожалықтарының туристерге қызмет көрсету үшін қонақ үйлер мен глэмпингтер салуға қосылуына жағдай жасау, фермерлердің кірісін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға және туризмді дамытуға ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.

«Мемлекет тарапынан туризмді нақты дамытуға жағдай жасайтын бағдарламаның, тиісті жүйенің жоқтығы, мемлекеттік органдардағы бюрократия, ұлттық парктер мен туризм саласын реттейтін заңдар арасындағы үйлесімдіктің жоқтығы кедергі болуда, осы саладағы бизнес өкілдері өз бетінше тіршілік жасап жатқандарын байқаймыз. Сондықтан туризмді экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға нақты жағдай жасайтын, еліміздің туристік әлеуетін толық пайдалануға бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеу ұсынылады», - деді Сұлтан Дүйсембинов.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ