Қазақстанға соңғы екі жылда 2 млрд доллардың активтері мен қаржысы қайтарылған

Автор: Azattyq Rýhy

Еліміз активтерді қайтару бойынша өз тәжірибесін ұсынды

Фото: nur.kz

Астанада 25 елден қатысушыларды біріктірген экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) құқық қорғау органдарының жемқорлыққа қарсы желісінің 13-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, тергеушілер, жедел қызметкерлер мен прокурорлар жоғары лауазымды жемқорлықты анықтау және тергеу, заңсыз шығарылған активтерді тәркілеу және қайтару тәжірибесін ортаға салды.

«Қазақстан активтерді қайтару бойынша өз тәжірибесін ұсынды. Соңғы 2 жылда мемлекетке шамамен 2 млрд АҚШ доллары сомасына активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды», - делінген агенттік хабарламасында.

Сондай-ақ семинар барысында осы бағытта Қазақстан қабылдап жатқан шаралар таныстырылды. Атап айтқанда, биыл қабылданған «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң және жалпыға бірдей декларациялау аясында шенеуніктердің шығыстары мен кірістерін бақылау тетігі (негізсіз байыту үшін жауапкершілік).

Қазақстан өкілдері Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, АҚШ және басқа елдердің әріптестерімен кездесулер өткізді.