Әулетте 26 адам ұстаздық етуді таңдаған
Ардагер ұстаз Қажымұрат Нәсиев Отбасы күніне орай Azattyq Ruhy тілшісіне ұстаздардың отбасындағы құндылықтар жайлы айтып берді.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында 2021 жылы 2 орын иегері атанған Нәсиевтер отбасы жайлы әулеттің үлкені Қажымұрат Нәсиев үлгілі, берекелі отбасы болудың алғышарты жайлы айтты.
НӘСИЕВТЕРДЕН ШЫҚҚАН 26 МҰҒАЛІМ
Қажымұрат Нәсиұлының айтуынша, ұстаздар әулетінде 26 мұғалім бар. Оның 24-і жоғары білімді, бірі ғылым кандидаты, бірі академик болса, 3-уі мектеп директоры, 3-уі магистр екен.
«Бүгінде Қарабатыр атамның ұрпағынан тараған 26 ұстаздың 478 жыл еңбек өтілі бар. Маған ұстаздық жолды таңдап алуыма кім себепші болған атам еді. Көшімбаев Жақия нағашы атам мені 10 айлығымда тәрбиеге алған екен. Себебі өз атамның ұлдары болмаған, жалғыз қызы Бәдігүлжамалдың тұңғышы болып, атам тәрбиелеген. Жақия атам өте белсенді, өз заманының озық адамдарының бір болған. Сол кезеңде араб тілінде хат таныған. Қасиетті Құран Кәрімді оқып, тұрғылықты жерде ауыл молдасы болып балаларға сабақ берген. Сол атамнан үлгі алдым. Атам Ресей патшалағының Уфа, Қазан қалаларындағы Ғалия, Уәзипа медресесінде оқыған Алаш қозғалысының азаматтарымен байланысы болған. Сондықтан да бір сөзбен айтқанда атам мола болса да ұстанымы Алаш қозғалысының өкілдерімен бірдей болды», - дейді Қажымұрат Нәсиұлы.
Ол ұстаздық жолына қалай қадам басқанын есіне алды.
«1961 жылы 7 жылдық мектепті бітіргеннен кейін Петропавл қаласындағы жалғыз қазақ тіліндегі педагогикалық училищеде оқып 1965 жылы тәмамдадым. Біз оқуды бітіргеннен кейін 1966 жылы бастауыш сыныптарға оқытатын педучилище жабылды. Себебі бұл кезеңдерде Қазақстанда қазақша оқитын мектептерді жаппай жабу процесі жүрді. Осыдан кейін өзімнің туған ауылымда өзімнен кейінгі інілерімді, қарындастарымды оқытамын деп елге келдім. 8 жылдық мектепте мұғалім болдым. Осылайша, ұстаздық жолым 1965 жылы басталады. Кейін әскерге аттандым, ол кезде әскери қызмет 3 жыл болатын. Бірақ мен ұстаз болғандықтан мені 2 жыл әскери қызметтен кейін босатты. Себебі ол кезде ұстаздар тапшы еді. Кейін туған ауылыма келіп қайта ұстаздықты жалғастырдым», - дейді ардагер ұстаз.
Ол саналы түрде өз ауылында білім беру жолын таңдағанын айтады.
«Біздің жас кезімізде қазіргідей арнаулы түрде ауылдық жерге дипломмен барасың деп бағыттамайды. Біз өзіміз туған жерімізге сұранып, ауылымызға, ұлтымызға қызмет етуді таңдайтынбыз. Себебі біздің 8 жылдық мектептің өзі ауылдағы жалғыз қазақ тілінде беретін білім ордасы еді. Көрші шағын ауылдарда бастауыш мектеп қана болатын. Кейін біздің мектеп 10 жылдық орта мектепке айналды. Білімімді шыңдайын деп Петропавл қаласындағы педагогикалық университеттің тарих және педагогика деген жаңадан ашылған бөліміне оқуға түстім. Бұл институт орыс тілінде болды. Осыған дейін қазақ тілінде оқығандықтан орыс тілінде білім алуда қиыншылықтар болды. Десек те оны 1974 жылы тәмамдадық. Студент болып жүргенде өзіммен бірге оқыған Нағима Қалиева екеуміз той жасап, отбасы құрдық», - дейді ұстаз.
Ол аяулы жарын ұстаздыққа оқып жүрген кезінде жолықтырып, бірге отбасы құрып ауылға аттанғанын жеткізді.
«Екеуміз қол ұстасып, ауылдың мәдениетін көтереміз деп менің туған ауылыма бардық. Бізде еркін диплом, қайда барсақ та өзіміз білетін едік. 1974 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жолдасым екеуміз мектепте мұғалім болып жұмысқа кірістік. Екі айдан кейін мені оқу ісінің меңгерушісі етіп көтерді. Келесі жылы мектеп директорына ұсынылып, 1975 жылдан 2003 жылға дейін өзімнің туған ауылымда үздіксіз 28 жыл мектеп директоры болдым. Менің аудандағы жалғыз қазақ мектебінде ұстаздығым осылай басталып, ауылдық жердегі еңбек өтілім 38 жылға жеткен», - деп бөлісті ардагер ұстаз.
Ұстаздың айтуынша, кейін балалары ер жетіп, оқуға аттанғанда жұмысын қалаға ауыстырған. Әулетте Қажымұрат Нәсиұлының артынан ерген іні-қарындастары да ұстаздық жолды таңдаған.
«2003 жылы Петропавл қаласындағы ішкі саясат бөліміне ауыстым. Себебі елде көп жыл еңбек еттік. Кейін балалар ер жетіп ЖОО-ға түсті. Содан кейін біз де жұмысымызды ауыстыруға бел будық. Әулеттегі ұстаздық жол менен басталды. Менің інім Қалқаман Нәсиұлы менің жолымды қуып Петропавл педагогика институтының физика-математика факультетін бітіріп, ауылда мұғалім болып қызмет етті. Кейін СҚО-ның Бескөл ауданындағы мектепте директор болып жұмыс істеді. Оның жолдасы Айна Қалиқызы да орыс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Екеуі кейін Петропавл қаласында ұстаз болды. Екеуі де ардагер ұстаз ретінде зейнетке шықты», - дейді Қажымұрат Нәсиұлы.
Оның айтуынша, әулетке келген келіндер де ұстаздық жолды таңдаған адамдар.
«Кіші інім Мұрат Нәсиұлы өзінің туған ауылында әке-шешемнің отауында өмір сүріп жатыр. Биыл зейнетке шығады. Ол да көп жыл бойы Бостандық орта мектебінде алғашқы әскери дайындық және технология бойынша мұғалім, жоғары білімді. Ресейде Қорғаныс министрлігі бойынша ЖОО бітірген. Оның жолдасы Гүлайым Еркінқызы көп жыл математика пәнінен білім берді. Қазір ол да зейнетте. Қарындасым Нәзия Нәсиқызы Петропавл қаласында Сәбит Мұқанов атындағы мектепте көп жылдан бері орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ береді. Қостанай педагогикалық институтын бітірген», - дейді ол.
Қажымұрат ағайдың өзінен тікелей тараған 3 баласы да ұстаздық жолды таңдаған екен.
«Өзімнен тараған екі ұл бір қызым бар. Үлкен қызым Назым Қажымұратқызы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдады. Сол университеттің кафедрасында қалып жұмыс істеді. Кафедра меңгерушісі болды. Кейін Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетке ауысып, Астанада гуманитарлық факульттеттің деканы болып жұмыс істеді. Филология ғылымдарының кандидаты. Екінші ұлым Мүслім Қажымұратұлы тарих пәнінің маманы. Солтүстік Қазақстандағы ЖОО-ны тәмамдады. Оның жолдасы Әсемгүл Жұмашқызы бастауыш сынып мұғалімі. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын да меңгерген. Олар да қазір мұғалім болып жұмыс істейді», - дейді ақсақал.
Ардагер ұстаздың кіші ұлы да тарихшы.
«Үшінші ұлым Сырым Қажымұратұлы да тарихшы. Келінім Анаргүл де жоғары білімді. Ағылшын тілі факультетін тәмамадаған. Қазір Астанадағы Binom мектебінде ағылшын тілінен сабақ береді. Бір сөзбен айтқанда менің өз кіндігімнен тараған балаларымның барлығы да мұғалім. Одан кейін қарындастарым мен інілерім де ұстаз. Қарындастарымнан тараған жиендерім де мұғалім», - деді ол.
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ
Қажымұрат Нәсиұлы елімізде отбасы құндылығын дамытуға, отбасы институтын көркейтуге қажетті деңгейде көңіл бөліну керегін айтады.
«Елімізде өте маңызды мерекелердің бірі – Отбасы күні. Отбасы мерекесін атап өту Тәуелсіз Қазақстанның ілкімді іс-шарасының бірі. Отбасы дегеніміз- Тәуелсіз еліміздің алғашқы ұяшығы. Отбасы үлгілі, тәрбиелі, берік болса, біздің еліміз, Отанымыз да берік болады. Сондықтан біздің мемлекетіміз, саясатымыз – отбасын нығайту, отбасы мәртебесін арттыру. Мен үлкен ұстаздар әулетінде дүниеге келдім. Қалған өмірімізде ата-баба салған жолмен, ұстаздық жолмен келе жатырмыз. Денсаулығым сыр берсе де әлі тарихи міндетімізді атқарып келеміз. Астана қаласының білім мекемелеріне, колледждерге барып, ата-бабамыздың ұлттық тәрбие беру мектебін енгізу жолында жүрміз. Астанада құрылған Ұлттық мүдде және елдік кеңес қоғамдық бірлестігінде ақсақалдар алқасының мүшесімін», - дейді ол.
Ардагер ұстаз жастарға ұлттық тәрбие берудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Ұлттық тәрбие берудің 7 ережесін мектептерге енгізу бойынша жұмысты бастап жатырмыз. Осы бірлестіктің бірнеше ақсақалы, бұрынғы ұстаздар, зиялы қауым өкілдері бар, ұлттық тәрбие беруге көп көңіл бөлудеміз. Қоғамның әр саласы, саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселе де ұлттық мүдде қатартына жатады. Бірақ біз ұстаздар әулетінен шыққан соң ұлттық тәрбие беруге көп көңіл аударып отырмыз. Себебі 300 жылдан астам Ресей патшалығының құрамында болған, одан кейін Кеңес дәуірінде солақай саясаттың нәтижесінде бірыңғай кеңес халқы боламыз, бір ғана тіл болады деген қағидамен өқмір сүріп, біз өзіміздің ұлттық іргетасымыздан айырылып қала жаздадық. Тәуелсіздік алғаннан кейін бойымыздағы құлдық сана, орыс тіліне қарай бүйрегіміздің бұрып тұруы, жастарымыздың өз тілін ұмытып, орыс тілімен қоректенуі, басымдық беруі аға ұрпақты алаңдатады. Сондықтан ұлттық тәрбие беру мәселесін қолға алып отырмыз», - деп бөлісті ұстаз.
Ол білім саласындағы реформаларға қатысты пікір білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы, былтырғы Жолдауында ұлттық білім беру, тәрбие беру мәселесіне көп көңіл аударылды. Оқу-ағарту министрлігі 2023-2025 жылға арналған Ұлттық тәрбие беру тұжырымдамасын қазір енгізіп, білім мектептері сонымен жұмыс істеп жатыр. Келешек ұрпаққа ұлттық тиәрбие беруге көп көңіл бөлініп, сапалы түрде жұмыс жүргізсек, мемлекет құрушы ұлттың бейнесі толықтай көрінеді. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Еліміздегі барлық этностардың ерекшелігін сақтауға мүмкіндік берілген. Мемлекеттік тіліміздің деңгейін көтеру жөнінде бірқатар бастаманы жүзеге асыруымыз керек. Ұлттық тәрбие мәселесі менің ардагер ұстаз ретінде негізгі жұмыс істейтін бағыттарымның бірі. Бұл мен үшін қасиетті міндет. Осы міндетті 48 жыл бойы атқарып келемін», - деді ол.
«ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС»
«Ұстаз болуы–қасиетті мамандық. Кей өтпелі кезеңде қиындықтар болды. Қазір ұстаз мамандығының беделін, қасиетін көтеру жолында Үкімет көп жұмыс істеп жатыр. Оны соңғы кезеңде арнаулы түрде педагогтардың мәртебесін көтеру жөнінде заң қабылданғанынан көруге болады. Мұғалімдердің еңбекақысы мен моральдық жағынан марапаттау мәселесін де министр тамыз конференциясында айтып өтті. Бұл ұстаздар мәселесіне көп көңіл бөлініп жатқанын көрсетеді. Әрине, ұстаздың жолы - даңғыл да күрделі жол. Суығы мен ыстығы қатар жүреді. Астана қаласы мен шеткі аймақта «Жайлы мектеп» жобасы бойынша инновациялық мектептер салынып жатыр. Мысалы, СҚО-дағы Қызылжар ауданындағы ауылда да жайлы мектеп бар. Осындай мектептерде материалдық жағдайы толық жабдықталған, жаһандық стандарт бойынша жағдай жасалып жатыр», - дейді ол.
Ардагер ұстаз 30 жылдың ішінде білім саласын дамыту бойынша көптеген өзгерістер болып, білім саласының дамуына кедергі болған жағдайлар да болғанын атап өтті.
«Әсіресе, балаларға бірнеше шет тілін оқыту мәселесі қоғамның келіспеушілігін тудырды. Ол мәселе де шешімін тапты. Ұстаз болу үшін адамның бойында көптеген қасиет болуы керек. Ең бірінші – балаға деген мейірімділік, баланы жақсы көру. Еліміздің жас ұрпағына мейірімді қарап, оны құрметтеу керек. Баллар әлі кішкентай деп көңіл бөле алмайтын адам ұстаз бола алмайды. Баланы сыйлау керек. Баланы тәрбиелеуге ұмтылатын адам ұстаз бола алады. Ұстаз болу үшін аянбай еңбек етіп, өзінің алған білімін мамандығы бойынша балаға дұрыс сіңірген абзал. Ұстаздың екінші қасиеті балаға ата-ана ретінде қарай алуы. Ұстаздықтан бөлек, бойында ата-аналық қасиеті болғаны абзал», - дейді Қажымұрат Нәсиев.
Оның пікірінше, ұстаз болған адамның ұйымдастырушвлық қабілеті де жақсы болуы керек.
«Бір сыныпта 25-30 адамға дейін оқушы болады. Олардың барлығына жіті қарап, бақылаушы, тексеруші, оған қоса оларды ұйымдастыра алған адам ұстаз бола алады. Ұстаз жаңашыл, шығармашыл болуы керек. Педагогика, психология саласында үнемі ізденісте жүретін адам ұстаз бола алады. Ұстаздың кәсібилігінен бұрын адамгершілігі жоғары болуы керек. Абай «Адамның жақсы қасиеті -жақсы ұстаздан» дейді. Жас ұрпақтың дамуына, толық, адал адам болуына Абайдың ілімін кең тарата отырып жете аламыз. Ұстаз өзгенің бақытын аялайтын, өзінің уақытын аямайтын адам болуы керек. Біз өмір-бақи ұстаздық қызметте болғандықтан үйдегі балаларымызды ұмытып кетіп жұрттың балаларының білімі мен тәрбиесіне алаңдап кетеміз. Сонда кейде үйдегі жолдасым балаларды ұмытып кетпе дейді. Ол кісі де өз сыныбындағы балаларды тәрбиелей отыра үйдегі балаларына да қарауы керек. Сондықтан ұстаз сан-қырлы, қасиетті ұғым. Ұстаздық етуге кейде жастар қиынсынып бармайды. Өзіміздің жиендеріміз ұстаздық жолды таңдағанмен, 5-10 жылдан кейін басқа қызметке ауысқандары болды. Бірақ көпшілігіміз ұстаздықты таңдады. Немерелеріме де ұстаздық жолда уақытша қиындықтар болатынын айтып отырамын. Үкімет те бұл салаға ерекше ден қойып жатқандығы содан. Қоғамды тәрбиелейтін -ұстаз. Ұстаздың дәрежесі ешқашан төмендемейді», - дейді Қажымұрат Нәсиев.
«ҰСТАЗДАРДЫҢ ОТБАСЫ БЕРІК БОЛАДЫ»
«Отбасының ұстаздардан құрылуы отбасының берік болуының алғышарты. Бұл табиғатынан бірлікті қалайтын мамандық. Мысалы, менің жолдасыммен студент болып жүріп достастық, үйлендік. Бір-бірімізді тез түсінеміз. Ой-пікіріміз бір. Екеуміз де ұстаз болып, жанұя болғанымызға қуаныштымыз. Отбасының беріктігіне арқау болатын ұстанымдарды достарыма, жас отбасыларға айтып отырамын. Отбасының берекесін, жайлылығын ойлайтын жан-жолдасың, сондықтан оған аса үлкен ілтипатпен қарау аса маңызды. Отбасының беріктігіне біздің ұстаз болуымыз себепші дейміз. Ұстаз отбасылардың жанұясы әрқашан да берік. Балаларыма да жолдасың мұғалім болсын, бір мамандықтың иесі болсын деп айтып отырамын. Сондықтан менің балаларым да, жолдастары да ұстаз. Бұл отбасының берік болуының алғышарты шығар», - дейді Қажымұрат Нәсиұлы.
Ол қазіргі жастардың тәрбиесіндегі мәселеге де назар аударды.
«Әл-Фараби «Тәрбиесіз берген білім адамзаттың қасы жауы» деген. Бізде тәрбие мәселесі екінші жаққа қарай сырылып қалды. Осының нәтижесінде тәрбиелік мәселе, бір-біріне қамқор болу, түсіну сынды мәселелер қоғамда азайып барады. Ақша табудың жолында достықты да, отбасыны да ұмытып жатады. Біздің мемлекет жас болса да, отбасына қажетті материалдық базаны қамтамасыз етуі керек. Ол - пәтер мәселесі. Жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі де бар. Пәтер мен жұмысы болса, отбасы берік болады. Ең бастысы бір-біріне сүйіспеншілік пен махаббатың болуы. Осы талаптар болса, жаняұның беріктігі артады», - деді ол.
Сондай-ақ ол өтпелі кезеңде тойшылдық үрдіс көбейіп кеткенін айтты.
«Ата-аналар керемет қып той жасайды. Бір-бірімен бәсекеге түсіп, жарысады. Қазір біздің халыққа үнемшіл болу керек. Тойға емес, қаражатты жастарға бөлсе жағдай жақсарады. Жастарға Үкімет тарапынан да, ата-ана тарапынан да қолдау болуы керек. Жас отбасылар ата-енемен тұрса, олардың көп көмегі болады. Қарттар үйдің алтын қазынасы. Ата-ана-үйдің кілті. Жастардың кішкентай балаларына қарайласуға да ата-ананың қолдауы жақсы болады. Немерелер де ата-әжесінің тәрбиесін алса, ұрпақ жан-жақсы, ұлттық рухы биік болады. Жас отбасылардың ата-анасымен тұрмау үрдісі дамып жатыр. Мен өзімнің кіші ұлыммен тұрамын. Немерелерімізді бағып отырмыз. Берекелі, ұйыған отбасымыз деп айта аламын», - деп түйіндеді Қажымұрат Нәсиұлы.
Қажымұрат Нәсиев бақытты отбасына биыл 51 жыл толғанын жеткізді.