Өз футбол тобымыз, метеоролог, дәрігер, ұстаз – біздің отбасымызда бәрі бар
«Мерейлі отбасы» байқауында елорда атынан қатысқан 210 отбасынан оқ бойы озық шыққан отбасымен сұхбат
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Қазақстанда 2013 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Конкурсқа 10 жыл ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты.
Биыл 10-шы рет өтіп отырған байқауға 3 344 отбасы қатысты. Оның ішінде 210 отбасы елорданың атынан байқауға қатысуға өтініш берген.
Сәдуақасовтар отбасы осы 210 жанұяның ішінен оқ бойы озық шықты. Қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні қарсаңында Azattyq Ruhy тілшісі елордалық жеңімпаз отбасыдан сұхбат алды.
Байқауға әртүрлі отбасы, оның ішінде көпбалалы, ерекше балалары бар, ардагерлер, сондай-ақ еңбек адамдары және шығармашыл әулеттер қатысты. Байқау жеңімпаздары – көпбалалы отбасы Сәдуақасовтар. Олар жетістіктердің саны мен әртүрлілігі бойынша жеңіске жетті. Енді тату отбасы республикалық біріншілікке дайындыққа кірісті. Бұл отбасының ерекшелігі – татулық пен 12 баланың арасындағы ауызбіршілік.
«Менің 12 балам, 37 немерем, 17 шөберем бар. Солардың ортасында өзімді бақытты сезінемін. Мерейлі отбасына жеткеніме мың да бір тәубә. Қуаныштымын», - деп бастады сөзін отанасы Тишжан Сәдуақасова.
Елордаға бір кездері Қарқаралыдан көшіп келген отбасының отағасы, марқұм Төкен Сәдуақасов 40 жылға жуық Бесоба округтік метеостанциясында табан аудармай еңбек еткен.
«1959 жылы танысып, 1960 жылы қосылдық. Жолдасым 10 балалалы отбасының ең үлкені еді. Артында 9 бауыры болды. Мен ең үлкен ұлым Алтынбек баламды шаңырақ көтерген соң, 7 жылдан кейін көтердім. Одан кейін, 11 балапанымды Алтынбегім ертіп әкелді. Тұңғышым дүниеге келгенше, жолдасымның бауырларына, енеме қарадым», - деп еске алды Тишжан апа.
Осылайша, үлкен әулеттен шыққан жолдасының бауырларына қамқор болған Тишжан апа үлкендердің батасын алып, қара шаңыраққа ие болып қалған. 30 жыл уақыт енесімен бірге тұрып, қарап, әулетіне сыйлы келін атанған.
«60 жыл жұбайыммен бірге тұрдым. Жолдасымның өмірден өткеніне 4 жыл болды. Отбасымызбен кез келген мерекеде бас қосамыз. Біз барлық мерекені бірге атап өтеміз. Біздің отбасы осындай», - деді отбасы басшысы Тишжан Сәдуақасова.
80 жастағы «Алтын алқа» алқа иегері жұбайымен 12 бала – 6 ұл және 6 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың әрқайсысы өз қызмет саласында жетістіктерге жеткен. Сол сияқты спорттағы, қоғамдық және шығармашылық жұмыстардағы, конкурстардағы белсенділігі үшін марапаттарға ие болған.
«Туған жеріміз – Қарқаралы ауданы, Бесарал совхозынанбыз. Сонда туып өскенбіз. Одан кейін Астанаға көшіп келдік. 12-мізден өрбіген өзіміз ғана - 64 адамбыз. Тек қана отбасымызбен атап өтетін шараның өзінде 64 адамға орын керек», - дейді үйдің үлкені Алтынбек Сәдуақасов.
«Әкеміз туралы айтар болсам, ол кісі ешқашан қатты сөйлеген емес. Анамыз «әкелерің келе жатыр» десе болды, қаймыға бастайтынбыз. Тәрбие солай болды. Әкеміз шоқтығы биік. Сол кісінің тәрбиесінің арқасында біз, бауырлар, татумыз», - дейді Бағлан Сәдуақасов.
Бұл әулетте дәрігер, ұстаз, метеоролог, спортшы – бәрі бар.
«Ата-анамыз метеорология станциясында жұмыс істеді. Менің әкем сол жерде басшы болып қызмет етіп, зейнетке шықты. Анамыз да сол жерде жұмыс істеген. Қазір туған ағам, жеңгем және мен бұл кәсіпті жалғастырып жатырмыз. Дәстүрді бұзбаймыз», - дейді Назира Сәдуақасова.
Отбасын туған жермен байланыстыратын – осы мамандыққа деген адалдық. Қазір ауа райы орталығын әулеттің келіні Маржан Күржікенова басқарып отыр. Қайынатасынан кәсіптің қыр-сырын үйренген Маржан ханым бұл саланың қиындықтары мен қызығы қатар жүретінін айтады.
«1995 жылы келін болып түстім. 2000 жылдан бастап осы станцияда жұмыс істеп жатырмын. Атам зейнетке шыққан соң, басқарушы қызметіне ұжым мені тағайындады. Ауа және жер температурасын анықтау – біздің жұмысымыз», - дейді Маржан ханым.
Әулеттің басы қосылып, той-жиын өткізгендегі видео әлеуметтік желіде тарап кеткен. Тишжан апаны ортаға алып, ән шырқаған, отбасылық әдемі кадр көптің арасында ерекше ілтипат, жылулық сезімін ұялатқан.
«Біздің отбасымыз жан жақты. Егер де қандай да бір мерекелік шара, той өткізетін болсақ, сценарийін өзіміз құрамыз. Біздің 6 ұл воллейбол, футболдан өздері бір команда болып шыға салады. Баскетболды қыздар бір топ ойнаған кезіміз де болды. Отбасымызда тағы мұғалім, дәрігер, полиция, спортшылар, өнер жолында «Шолпан» би ансамблінде билеген сіңлілеріміз де бар. Спорт пен биден алған жүлделеріміз бар», - дейді Мейрамгүл Сәдуақасова.
Осындай береке мен татулықтың бастауы болған Тишжан анамызға балалары ақ тілегін арнады.
«Өз анамды әлемдегі ең әдемі әйел деп ойлаймын. Мақтай бергім келеді. Сыныптастарым бұрын «анаңның түрі суық сияқты» деп айтатын. Ал шын мәнінде анам өте жайсаң кісі. Ешқашан даусы қатты шықпайтын. 30 жыл енемнің мектебінен өттім, деп бізге айтып отырады. Өте сабырлы. Өзінің абысындары да анамның ұстамдылығы мен ақылына таң қалып жатады. Әкем мен анама бізге берген тәрбиесі үшін рахмет. Мен алған тәрбиемді өзімнің балаларыма дарытсам екен деген тілегім бар. Әкеміз дүниеден өткен соң, оның орнына үлкен ағам Алтынбек бәрімізге әке болып, қамқорлық танытып жүр. Анам мен бауырларыма амандық тілеймін», - дейді Мейрамгүл Сәдуақасова.
Татулықты ту етіп, тамыры жайылған әулеттің отанасы Тишжан апаның ізгі тілегі – Отанымыздың амандығы. Берекелі, мерейлі отбасылардың көп болғаны.
Автор: Сымбат ҒАЛЫМЖАН