Оған мейірімділігі, батылдығы үшін грамота мен естелік сыйлық табысталды
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 15 жастағы Жаннұр Нұржанға қоғамдық көлікте қарияға көмек көрсету кезіндегі мейірімділігі, батылдығы үшін грамота мен естелік сыйлық табыс етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сіз түсірген бейнені әлеуметтік желіден көрдім және көптеген алматылық сияқты бұл оқиға мені де бей-жай қалдырмады. Бір жағынан, жолаушылардың әрекетіне қынжылдым, ал екіншіден, сіздің әрекетіңізге риза болып, өзіңізбен мақтандым. Ересек адамның өзі мұндай қадамға барып, көпшілікке қарсы тұруға батылы бармас еді. Біздің Президентіміз айтқандай, Әділетті Қазақстанды жауапты әрі адал азаматтар ғана құрады. Сіз жоғары жауапкершілік таныттыңыз. Мұндай жастар барда, болашаққа деген сенім зор», - деді әкім кездесуде.
Айта кетейік, қамқор жасөспірімнің іс-әрекеті қазақстандықтардың жүрегін жаулады. Алматы қаржы-экономикалық колледжінің 2-курс студенті өзін қолдағандарға алғыс айтып, барлық адамға қамқорлық көрсетуге шақырды.
«Ол адамның орнында менің атам болуы мүмкін еді деп ойладым. Сол себепті басқаша әрекет ете алмадым. Қарт адамды сөзбен қорлағанына, кемсіткеніне шыдай алмадым. Өзім атаммен бірге тұрамын, оған әрдайым қамқорлық, сыйластық танытамын. Менің тәрбиемде ол маңызды рөл атқарады. Өмірде мейірімді, қайырымды жандардың бір-біріне көмек қолын созғанын қалаймын», - дейді Жаннұр.
Естеріңізге сала кетейік, Алматының 119-шы маршрутында қарт адам тосап салынған құмыраны байқаусызда сындырып алды. Кейбір жолаушылар оны қорлай бастағанда, жасөспірім зейнеткерді жақтап, автобустың еденін кофтасымен сүртті. Бейнеролик әлеуметтік желілерді тарап, Жаннұр Нұржанды қолдаған жүздеген пікір жазылды.