Қазақстанда бала зорлағандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылды

Автор: Мира Байбек

Ұсынылатын өзгерістер қатарында күдіктіні тергеуге дейін уақытша қамауға алу шарасы да бар

 

Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамаға енгізілетін түзетулерді Мәжіліске ұсынбақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы мемлекеттік органдармен және Парламент депутаттарымен бірлесіп әзірленіп, Бас прокуратурада өткен ведомствоаралық кеңесте ұсынылған.

Ұсынылатын өзгерістер қатарында баланы зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру және тергеуге дейін уақытша қамауға алу сияқты шаралар бар.

Уәкіл қазіргі кезде заңнамада балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті реттейтін жеке баптардың жоқ екенін айтты.

«Сондықтан ол физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің кез келген түрі үшін жазаны күшейтетін «Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық» деп аталатын жаңа бап енгізу ұсынылады. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, мұндай қылмыстар үшін тараптардың татуласуын болдырмау керек. Яғни, ҚР Қылмыстық кодексінің 106, 107, 110, 140-баптарында көзделген бас бостандығын шектеуді (тек бас бостандығынан айыру керек) жою арқылы жазаны қатаңдату және жауаптан бұлтарып кетпеуді қамтамасыз ету керек», - деп жазды Д. Зәкиева.

Сондай-ақ заң жобасында балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты жаңа бап енгізу туралы өзгерістер бар.

Тақырыпқа орай: Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген педофилге сот үкімі шықты

«Бұл бап ҚР ҚК-нің 121-1 нөміріне ие болады және кінәлілерге пробациялық бақылауды көздейтін болады. Балалардың жыныстық қол сұғылмауына қарсы қылмыстар (ҚР ҚК 120-бабы) бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады», - деді уәкіл.

Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу барысында балаларға қарсы қылмыс жасағандар қамауда отыруы тиіс. Уәкілдің айтуынша, бұл күдіктінің жәбірленушіге қауіп төндірмеуі үшін қажет.

Зәкиева ұсынған тағы бір маңызды өзгеріс – балалар мекемелерін тексеруге қойылған мораторийдің алынып тасталуы.

«Соңғы уақытта балалармен жұмыс істейтін ұйымдарда зорлық-зомбылық жағдайларының көбейгені дәлелденді. Сондықтан ол тыйымды алып тастап қана қоймай, балалармен жұмыс істейтін барлық ұйымдарды міндетті лицензиялауды енгізу ұсынылады», - делінген жазбада.

Сонымен қатар ата-анасынсыз қоғамдық көлікке отырған балаларды түсіріп тастауға тыйым салу ұсынылды. Зәкиева балаларды билетсіз жүру үшін түсіріп тастау жағдайлары ауа райының қолайсыз күндерінде де болып тұратынын атап өтті. Ол осы мәселені шешу үшін тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.

Тақырыпқа орай: «Сол кезде қылмыскер қамалғанда, қызым тірі болар еді»: зорлықпен өлтірілген 5 жасар қыздың әкесі судьялар жайлы

Динара Зәкиева ұсынып отырған заң жобасында 4 кодекс пен 10 заңға енгізілетін 55 өзгеріс ұсынылған. Ол түзетулерді қыркүйекте жариялауға уәде береді. Содан кейін жоба Үкіметтің қарауына, сараптамашларға және Мәжілістегі жұмысшы топтарға жіберіледі.

«Профилактикалық іс-шаралар мен тексерулер тек маскүнемдікке салынған және сол сияқты мәселелер бойынша есепте тұрған отбасыларға ғана қатысты. Бүгінде 7 мыңға жуық отбасы есепте тұр. Бұл отбасыларда 12 мың бала тұрады, олар қауіп астында өмір сүріп жатыр.

Балалар құқығының бұзылуы мен олардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы жасалған қылмыстардың 70 пайызы дәл осындай аз қамтылған отбасы ретінде есепте тұрған отбасыларға уақытылы атаулы, жан-жақты көмек көрсету және алдын алу шараларының болмауына байланысты», - деп жазды Д. Зәкиева.