Биыл елімізде жасырын жұмыс істеп келген 12 казино анықталды
2019 жылдан бері заңсыз ойын бизнесіне қатысты 1148 іс қозғалды
Биыл елімізде жасырын жұмыс істеп келген 12 казино анықталды. Одан бөлек ойын терминалдарына қатысты 28 қылмыстық іс қозғалған. Мамандар өткен жылдарға қарағанда жағдай түзеліп келеді деп сендіреді. Яғни, кейінгі бес жылда қылмыс 5 жарым есе азайған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Ал лудомания дегеніңіз қоғамды алаңдатқан дертке айналды. 22 жастағы Әмір – Астананың тумасы. Шымкенттегі медициналық колледждің үшінші курсында оқиды. Жас жігіт үш жыл бойы құмар ойынның жетегінде жүрген. Сөйтіп, белшеден қарызға батты. Мұнысын жақындары кейін білген. Өйткені қаржы ұйымдарынан қоңырау көбейеді.
«Қазіргі уақытта 30 миллиондай қарызым бар. Кредит, займ, адамдарға қарыздарым бар. Дұрыс емес екенін біліп тұрсам да ставка қойып, ұтып, қайтарып бере аламын деген оймен баратынмын. Кейбір кезде ойыма келеді, ақша қиын, қиыншылық болып тұрған кезде, үйдегілер ақша жайлы айтса, ойыма бірінші келетіні сразу ставка қою», - дейді Әмір.
Мамандардың айтуынша, лудомания бұл да дерт. Емделуі қиын. Әмір Шымкенттегі оңалту орталығында бірнеше айдан бері ем алып жүр. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, қазір орталыққа келетіндер көбейген.
«Бала тәрбиесіне баса мән беру керек. Өзімнің жеке тәжірибемнен байқағаным, бала кезінде ата-анасы тиісті көңіл бөлмеген адамдар құмар ойынға бейім келеді. Жыл санап орталыққа келетіндер саны артуда. Мәселен, былтыр 50 адамды қабылдасақ, биыл олардың саны 150-ден асып кетті. Бұл – ойынға берілгендердің 10 пайызы ғана екенін сеніммен айта аламын», - дейді емдеу орталығының басшысы Артур Котенко.
2019 жылдан бері заңсыз ойын бизнесіне қатысты 1148 іс қозғалды. Әйтсе де, мамандар қылмыс көлемі жыл санап кеміп келе жатыр деп көңіл жұбатады. Мәселен, төрт жыл бұрын заңсыз ойын терминалдары бойынша 208 дерек тіркелсе, биыл 28 іс өндіріске берілген. Есесіне, құмар ойын дегеніңіз әлеуметтік желіні еркін жайлап алған.
«Биыл «TikTok» желісінде құмар ойындардың онлайн трансляциясы жанданды. Айта кетейік, қатысушылардың басым көпшілігі кәмелетке толмағандар. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ұйымдастырушылардың 177 аккаунты анықталды. Ойыншылардың күнделікті саны мыңдаған адамдармен өлшенді. 10 ұйымдастырушыға қатысты 5 қылмыстық іс қозғалды, оның 3-і бойынша үкім шықты. 4 адам бас бостандығынан айырудың нақты мерзіміне және 2 адам бас бостандығын шектеуге сотталды», - дейді ҚР Қаржылық мониторинг агентігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Енді агенттік әлеуметтік желіде жасанды интеллектіні іске қосты. Бұл жүйе заңсыз контент эфирін бірден жабады. Былтыр осы әдіспен 5,5 мың, биыл 2 мыңнан аса сайт анықталған.