Депутат қызметкерлердің жалақысы таңдаулы түрде өскенін айтты
Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы бәрінде бірдей көтерілмегенін сынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгінгі депутаттық сауалыма оттан көйлек киіп жүрген жанкешті азаматтардың жанайқайы себеп. Көп жұмысты аз жалақыға атқаруға мәжбүр азаматтарды Үкімет әдеттегідей қазынаның қазанына жолатпау үшін барын салып жатқандай.
Сөзіме дәлел ретінде айтасм, Абай облысында орман өрті болып, ондаған азаматымыздан айырылған соң Экология министрі «орманшылардың жалақысы биылғы 1 шілдеден бастап өседі» деп ақпарат құралдарынан ақтарылып сөйледі. Күн сайын өмірлерін болмашы жалақы үшін бәйгеге тігіп жүрген мамандар бұған қатты қуанды. Бірақ қуанышы ұзаққа бармады. Себебі Үкімет бұл саладағы қызметкерлердің тең жартысын «ұмытып кеткен», - деді Сәрсенғалиев.
Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап жалақысы өскендердің санатына «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемелердің директоры, директордың орынбасары, орман өртін сөндіру станциясының басшысы, аңтанушы, орманшылық басшылары сынды бірқатар мамандары кірген.
«Бірақ осы мекемедегі өрт сөндіру станциясының сарбаздары, трактор жүргізуші, автокөлік жүргізуші, өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі, тұқымбақ жұмысшылары, радио байланыс операторы, автокөлік жөндеуші, ағаш құлатушы, қарауыл, кіші қызметкер (техничка), бас есепші, экономист, есепші-кассир, заңгер, механик, шаруашылық меңгерушісі, кадр маманы, іс жүргізуші лауазымдарындағы қызметкерлердің айлығына көк тиын да қосылмай қалды. Үкімет тағы біреуді ұмытып кетпесін деп әдейі бүкіл қызметтің атауын тізім шықтым.
Мысалы, БҚО-ғы орман шаруашылығында қызмет ететін өрт сөндірушілер 70 мың теңге айлық алады, одан және салық ұсталады. Алматы облысындағы орманшыларда да осы жағдай. Қазіргі қымбатшылықта бұл ақша түкке де жетпейді. «Орманшылардың жалақысын өсіреміз» деген бастама айналып келгенде ұжымдарды екіге бөліп тастады», - деді ол.
Депутат келген хатты Экология министріне жіберген, алайда сырғытпа жауап келген.
«Яғни, жалақысы өспеген мамандарға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылсын» деген. Бірақ жергілікті бюджетте аталған мақсатқа қаржы қаралмаған. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе орман шаруашылығындағы техникалар әбден тозған. Тракторлар жүрмейді, көліктер баяғыда темір-терсекке айналған. Бұл елдегі бүкіл орманшылардың арызы деп қарау керек, өйткені керемет жасақталған бірі жоқ», - деді ол.
Депутат бұл мәселеге қатысты бірқатар ұсыныс жасады: