Бұл шешімді Алматы қаласы Бостандық аудандық соты шығарды
Алматы қаласы Наурызбай ауданының бұрынғы прокуроры Виктор Тихонов заңсыз сотталғаны үшін ҚР Қаржы министрлігінен 10 миллион теңге өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
Виктор Тихоновтың талап арызы бойынша заңды күшіне енген бұл шешімді Алматы қаласы Бостандық аудандық соты шығарды. Яғни, оның өзі істемеген қылмысы үшін сотталғаны және түрмеде жазасын өтегені үшін құқық қорғау органдарының заңсыз әрекетінің орнын толтыру мақсатында 10 млн теңге өтемақы берілді.
Еске салайық, Тихонов Алматы қалалық прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімінің бастығы қызметін атқарған. 2017 жылдың қазанында оны Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу-жедел тобы ұстаған. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 413 (Қылмыстық жауаптылықтан көрінеу заңсыз босату) және 361 (Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану) баптары бойынша айып тағылды. Ал 2018 жылы ол «Әділет кеңесшісі» арнайы атағынан айырылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.
2022 жылдың қыркүйегінде Бас прокурордың қарсылығы негізінде Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Тихоновты толық ақтап, оның іс-әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылықтардың болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтатып, заңсыздықтан жапа шеккені оның өтемақы алу құқығын мойындады.
2023 жылы Тихоновтың қызметі мен шені қалпына келтірілді. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, ол бүгінде өз еркімен прокуратурадағы қызметінен кеткен.