Алматыда 400 орынға арналған студенттік жатақхана пайдалануға берілді

Автор: Мира Байбек

Алматы қаласында 280 мың студент бар

Алматыда 400 орындық жатақхана студенттердің пайдалануына берілді. Алматы технологиялық университетінің қайта жөндеуден өткен ғимаратында жастардың өмір сүруіне барлық жағдай жасалған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Алматы технологиялық университетінің жаңа студенттер үйі талапқа сай жабдықталған. Жатақхананың шаруашылық бөлмелері жаңа кір жуатын техникамен, тоңазытқышпен қамтамасыз етілген. Интернет желісі де студенттер үшін қолжетімді. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылған.

«Жатақхананы қажет ететін студенттердің 75 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда тағы да жатақхана салу мәселесі бойынша Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен жер телімдерін алу мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Алматы технологиялық университетінің проректоры Бауыржан Нұрахметов.

Алматы қаласында 280 мың студент бар. Олардың 70 проценті еліміздің басқа өңірлерінен және шетелден келген жастар. Қала әкімдігінің мәліметінше, мегаполисте  әлі де 32 мың төсек орын жетпейді. Жатақхана мәселесін шешу үшін арнайы Жобалау офисі құрылды.

«Жобалық офис жұмыс істеген уақыттан бері қалада осындай студенттерге жатақхана салып беруге шамам жетеді деген 100-ден астам инвестор келді. Соның 42-і бойынша бүгінгі күні шешім бар. Яғни олардың салатын жері бар, немесе бұрыннан салынып қойған бірақ қазір жатақхана болып есептелмейтін басқа санаттағы өздерінің ғимараттары бар, соларды қайтадан реттеп қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр», - деді қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Алматы жастар қаласы. Мұнда 14 пен 35 жас аралығындағы 700 мыңға жуық жас тұрады. Өкінішке орай, олардың 50 мыңға жуығы NEET санатына жатады, яғни білімі, тұрақты жұмысы жоқ азаматтар. Олардың санын азайту үшін қалада комьюнити орталықтар ашылады.  Онда жастарға құқықтық және психологиялық кеңестер беріп, олардың әрі қарай жұмысқа орналасуына жол сілтейді. Сондай-ақ қысқа мерзімді оқу орталығы жұмыс істеп жатыр.