Елімізде 55 мың оқушы оқу жылын жаңа мектептерде бастайды

Автор: Azattyq Rýhy

Үш ауысымды, апатты мектептер мәселесін шешу үшін 154 мектеп пайдалануға берілмек

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

2023 жылдың соңына дейін 132 мың оқушы орнын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 55 мың орын 1 қыркүйекте ашылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Оқу-ағарту министрлігі инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. Үш ауысымды, апатты мектептер мәселесін шешу үшін 132 мың орындық 154 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының арқасында 1 қыркүйекке дейін 25 мың орындық 13 мектеп, сондай-ақ, жергілікті бюджет және жеке инвестициялар есебінен 30 мың орындық тағы 26 мектеп ашылады», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Нұрмұханова.

Сонымен қатар келер жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 461 мың орындық 217 мектеп пайдалануға беріледі.