Дау тудырған білім ордасы: Атырауда «Ұлттық қыздар мектебінің» жұмысы тоқтатылды

Автор: Аманалина Тоғжан

Жекеменшік мектепті ашқан кәсіпкерлер лицензиясыз жұмыс істеген

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Атырауда «Ұлттық қыздар мектебі» атымен жұмыс істеген мекеме біржола жабылды. Өткен жылы бұл жекеменшік білім ошағы оқушы қыздарға салафиттік бағытта тәлім беріп жатыр деп өңірде дау туған еді. Бұл туралы Azattyq Ruhy КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ауданаралық экономикалық сот жыл бойы оқушыларға лицензиясыз білім беріп келген мектептің жұмысын тоқтатқан.

Былтыр 100-ден астам бойжеткенді қабылдаған бұл жекеменшік оқу орнының жұмысына атыраулықтар күмәнмен қарап, әлеуметтік желіге бейнежазбалар таратты. Онда олар бұл мектепте оқитын қыз балалар түгелдей хиджабпен келетінін айтқан. Кейін ол қоғамдық резонанс туғызды. Мектеп басшылары мұны жоққа шығарып, «мекеме қазақы салт-дәстүрді ұстанады, балалар ұлттық киімдермен келеді» деп ақталды. Бірақ жекеменшік мектепті ашқан кәсіпкерлер білім беру қызметін көрсету үшін лицензия алмай, жұмысын бастап кеткен. Заңдылыққа сай олар алты ай ішінде рұқсат алуы тиіс екен. Алайда жыл бойы лицензиясыз білім беріп, оқу жылын аяқтапты. Осылайша білім беру сапасын бақылау департаменті заңдылықтарды бұзған кәсіпкерді сотқа берген.

«Өткен жылы мәселе анықталғаннан кейін бірнеше рет тексеру жүргізілді. Атырау облысы әкімшілігі сот арқылы екі рет айыппұл салынды. Сонымен қатар бұл мектеп лицензия алуға өтініш білдірген. Алайда олардың біліктілік талаптары лицензия алуға сәйкес келмеді. Сондықтан бұл мекеме лицензиясын алмады. Біз эколоникалық мамандандырылыағн сотқа бердік. Соттың шешіміне сәйкес қызметі тоқтатылды», - деді Атырау облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Тайышов.

Тақырыпқа орай: Атыраудағы «Ұлттық қыздар мектебіне» қатысты білім басқармасы тексеріс жүргізіп жатыр