Олар жеке университет пен колледж жатақханасына барды
«AMANAT» партиясының депутаттары елорданың жатақханаларының жағдайын тексеріп, студенттерді қабылдауға дайындығын бақылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов, «Жастар рухы» елордалық филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм Есіл университетінің жатақханасын көруден бастады.
Есіл университетінің әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Сәкен Қалқаманов жатақхананың жағдайы жайлы айтып берді.
«Университетте 3 мың студент оқиды. Былтыр жатақханада 150-ден астам студент тұрды. Жатақхана 170-тен астам адамға арналған. 3 қабаттан тұратын ғимараттың әр қабатында 17-18 адамнан тұрады. Биыл 200 адамға қажеттілік болады деп күтіп отырмыз. Әр бөлмеде 3 адамнан тұрады. Әр бөлмеде жуынатын бөлме бар. Ас бөлме мен коворкинг ортақ. Барлық қабатта тегін Wi-Fi бар. Бұл ғимаратты алған кезде күрделі жөндеу жасалды. Қазір ағымдық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ішкі жөндеулер аяқталып, сыртын аяқталуға жақын», - деді Қалқаманов.
Ол атағандай, жатақханада бакалавр студенттері үшін 20 мың, магистратура студенттеріне 30 мың теңге бекітілген.
«Жатақханаға өтініш бергендердің ішінен басымдық грантқа түскендерге, бірінші курс студенттеріне беріледі. Қалғандары тәртіп бойынша орналасады», - деді ол.
Жатақханада кір жуатын, демалатын, сабақ оқитын, ас бөлме ортақ.
Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов атағандай, студенттер жақсы оқуы үшін жағдайы жақсы болуы керек.
«Біз де студент болдық. Жатақхана мәселесі ушығып тұр. Орын тапшы. Ал осындай жағдайы жақсы жатақханаларда студент тұрып білім алса, болашақтың кепілдігі болмақ. Халыққа білімді жастар керек», - дейді Бәшімов.
Ал Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимовтың айтуынша, жыл сайын жатақханалардың жағдайын тексеру дәстүрге айналған.
«Рейдтің басталғанына екі аптадан астам уақыт өтті. Қалада 16 ЖОО, 30-дан астам колледжде 100 мыңнан астам студент оқиды. Қала бойынша 15 800 жатақхана орны тапшы болып отыр. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша жеке инвесторлар жер алып, жатақхана салып жатыр. 30 инвесторге 6 жоғары оқу орнынан жер бөлінді. Олар 12 мың орын тапшылығын жабады. Әрине, оған 1-1,5 жыл керек»,- деді ол.
Депутаттар барған екінші жатақхана сауда-экономикалық колледжінікі болды.
Жатақхананың жағдайына қатысты Арсланбек Мағзұм пікір айтты.
«Барлық жатақхананың жағдайы көңілден шығады деп айта алмаймыз. Кемшіліктер болса, біз оларға ескерту береміз. Олар бір аптаның ішінде олқылықтарды жоюы керек. Бұл колледждің басшылығымен де әңгімелестік. Кемшіліктерді жоюға келісті», - деді ол.