Астананың көлемі, халқы, жайлылығы: Бас жоспар тұрғындар талқысына түсті

Автор: Аягөз Құрмаш

Құжат 2035 жылға дейін жоспарланған

Елорданың 2035 жылға дейінгі Бас жоспары қоғамдық талқылауға шығарылды. Бір апта талқыланып жатқан Бас жоспарға 400-ден астам адам қатысып үлгерген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Былтырғы қарашада Бас жоспарды алдын ала талқылау өтті. Ол кезде талқылауға 300-ден астам адам қатысқан. Талқылауда айтылған барлық ұсыныс-тілек хаттамаға енгізіліп, ескерілді. Мемлекет басшысы қала әкімдігіне жылдың соңына дейін жаңа Бас жоспар дайындауды тапсырды. Бас жоспарды талқылау қала әкімінің тапсырмасы бойынша тағы талқылауға шығарылды.

Астананы Алматы қаласынан көшіргеннен кейін Астана қаласының кешенді қала құрылысын дамыту және құрылыс салу келесі Бас жоспарлардың негізгі ережелеріне сәйкес жүзеге асырылды. Жоспардың негізгі қағидалары симбиоз, метаболизм немесе «метаболизм қаласы» және дерексіз символизм болды. Салынған Астана қаласы дамыған сайын табиғатқа, тарихқа, тіпті өңірдің ұлттық көшпелі дәстүрлеріне көзделді.

БАС ЖОСПАРДЫҢ МАҚСАТЫ

«Астана бас жоспары» институты директорының орынбасары Серік Әбдірахманов талқылауға қатысушыларға Бас жоспарды таныстырды.

«2035 жылға дейінгі Бас жоспар қала тұрғындарының ұсыныстарын енгізу арқылы жыл соңына дейін енгізілуі керек. Қазіргі таңда 2016 жылы әзірленген 2030 жылға дейінгі Бас жоспар бар. 2030 жылға дейін адам саны 1,2 млн адам болады деп жоспарланған. Бірақ биылдың өзінде қала халқының саны 2030 жылғы жоспарланған көрсеткіштен асып кетті. Қазір қала халнының саны 1,3 млн-ға жетті. Бұл фактор да жаңа Бас жоспарды әзірлеуге түрткі болды. Бас жоспарды әзірлеу кезінде елорданың 30-60 шақырымға дейінгі айналасы да қамтылады. Ол аймақтарда ауылдар да бар. Біз оларды қамтып отырған себебіміз – қазіргі көші-қон жағдайын ескеру. Себебі қаладан ауылға, ауылдан қалаға көшіп жатқандар көп. Бұл қала ішіндегі көлік қысымына әсер етеді. Сондықтан бұл факторларды ескеруіміз керек. Сондай-ақ жақын агломерацияны зерттеу де жүргізіліп жатыр», - деді Әбдірахманов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңға дейін қолданыстағы Бас жоспар бойынша қаланың аумағы 71 мың шаршы метр деп көрсетілген.

«Алайда 2017 жылы қалаға айналадағы аумақ қосылып, оның аумағы 79 мың шаршы метр болды. Жаңа Бас жоспарда қаланың аумағы өзгермейді. «Алматы» - 15 471 га, «Байқоныр» – 18 129 га, «Есіл» - 20 022 га, «Нұра» - 19 336, «Сарыарқа» - 6 775 га.  Бас жоспарда әр ауданда өзінің пули-центрі болады деп жоспарланған. Ол орталықтарда аудан тұрғындары қала орталығына бармай барлық қызметті ала алады. Бұл қалаға түсетін жүктемені азайту үшін іске асырылады. Қаланың шекарасы өзгермеген. Бірақ 2035 жылға дейін қала халқы 2,3 млн адам болады деп жоспарлап отырмыз. Бұл халықты тұрғын үймен және емханалармен қамтамасыз етеміз. Әлеуметтік нысандармен қамту қаладағы ескі үйлерді сүру арқылы жүзеге асырылатындықтан, қаланың аумағы сол қалпы сақталады», - деді ол.

Серік Әбдірахманов атағандай, қаладағы қауіпсіздік құралдары мен орындары да Бас жоспарға енгізілген.

«Жоспарлы сектор – бірнеше тұрғын үй орамынан тұратын ірі қалалық аумақ. Жоспарлы сектордың қағидаты – жалпы білім беру мектептерінің, балабақшалардың жаяу баратын жерде болуы, балалардың көлік қозғалысы қарқынды жалпы қалалық магистральдарды кесіп өтуіне жол бермеу, қала тұрғындарын, оның ішінде балалар мен қарттарды, тұрғындардың қозғалысы шектеулі топтарды қауіпсіз жаяу баратындай радиуста қызмет көрсету мекемелерімен қамтамасыз ету. Жалпы, бұл – бәріне таныс шағын аудандар. Бірақ олар ірілендіріліп, өмірдің қазіргі заманауи жағдайына бейімделетін болады. Бұл іс-шаралар қаланың жоспарда болуын қамтамасыз етеді. Айналма жолдар, өрт сөндіру деполары, велосипед әрі жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың барлығы жоспарда нақты қарастырылған. Сондай-ақ тұрғындардың жайлылығы үшін бос уақытын өткізуге арналған қоғамдық орындар да бар», - деді ол.

Әбдірахманов атағандай, 2035 жылға қарай 164 жаңа мектеп салынады. Оның ішінде 2022 жылы 15 мектеп пайдалануға берілді. 2025 жылға дейін - 74, 2025 жылға қарай 75 мектеп салынады.

«Бүгінде қала аумағында мектепке дейінгі балаларға арналған 429 ұйым жұмыс істеп тұр. Бас жоспарда 2035 жылға қарай қосымша 175 балабақша салу көзделген. Қазіргі уақытта қалада 39 денсаулық сақтау нысаны бар. Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға қарай тағы 93 нысан салынады. Мұнан бөлек, қазір қалада 11 өрт сөндіру ДЕПО-сы болса, 2035 жылға дейін тағы 17 ДЕПО салу жоспарланған», - деді ол.

Өз кезегінде «Астана бас жоспары» ЖШС директорының орынбасары Еркебұлан Файзолаев Бас жоспардағы инфрақұрылымдық бағыт жайлы айтып берді.

«Бірінші дәрежелі инженерлік инфрақұрылымды құру осы тұжырымдаманы жүзеге асырудың негізінде жатыр. Қаладағы жайлылық пен өмір сапасы қаланың барлық аудандарындағы климаттық жағдайларға сәйкес келетін сапалы инженерлік инфрақұрылымға тең қолжетімділікке байланысты. Астана инфрақұрылымының ерекшелігі – тұрғын үй, біріккен көлік жүйесі, тұрғын үй және өнеркәсіптік жылыту, сумен жабдықтау, су бұру және кәріз, қатты тұрмыстық қалдықтар, электр энергиясын өндіру үшін көмірдің орнына табиғи газды пайдалану және көше жарығы – осының барлығы ресурс тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыру аясында, әсіресе су ресурстарын қорғау және қалдықтардың барлық нысандарын және қоршаған ортаның ластануын қысқарту аясында қол жеткізіледі. Бүгінгі таңда 303 текше/метр су пайдаланылады. Сумен қамтудың резервтік қорын құру үшін жерасты суларын қолдану пайдаланған. Жылумен қамту бойынша ЖЭО-1, ЖЭО-2 орталықтары жұмыс істеп тұр. Алайда тапшылық бар. Бірақ қаланы газдандыру жоспарланған. Ал газдандыру пайда болған соң жылумен қамту мәселесі шешіледі», - деді Еркебұлан Файзолаев.

Астана қаласының бас жоспары бекітілгеннен кейін, «Астана қаласын жылумен жабдықтаудың 2035 жылға арналған схемасы» әзірленуге тиіс, онда 2023-2035 жылдар кезеңінде қаланы дамыту бойынша қабылданған неғұрлым егжейтегжейлі шешімдер негізінде 2035 жылға дейін қаланың жылумен жабдықтау жүйесін дамытудың оңтайлы нұсқасын анықтау қажет. «Жылумен жабдықтау схемалары» белгіленген тәртіппен қаралып, бекітіледі.

АСТАНА – ЖАЙЛЫ ҚАЛА

«Астана бас жоспары» жетекші сәулетшісі Гүлшат Батчанның айтуынша, Астана қаласының 2035 жылға дейінгі Бас жоспары қоғамдық талқыға салынып жатқанын айтты.

«Бас жоспарда халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында көптеген жұмыс атқарылды. Оның ішінде көгалдандыру мәселесі бар. Өзге қалаларда ондай бастама жоқ. Бірақ жоспарда қаланың 43 пайызын жасыл аймаққа айналдыру мақсаты тұр. Ол қаланың іші мен сыртындағы жасыл желекті қамтиды. Ол экологиялық апаттарды болдырмас үшін жасалып жатыр. Қала 3 бағыт бойынша өркендеп жатыр. Қосшы, жаңа вокзалға қарай, Мұхамедханов көшесі, қалаға кіреберіс жерлерде пули-центрлар жобаланып отыр. Олар сырттан келген жүк көліктері мен жеңіл көліктерді қалдырып кетуге мүмкіндік береді. Әрі қарай келушілер қоғамдық көліктермен қалаға келеді. Ол орталықтарда автотұрақтар, қызмет көрсету орталықтары, қонақ үйлер мен тамақтану орындары болады. Бұл қаланың ішіндегі кептелісті болдырмайды. Сондай-ақ сырттан транзитпен келе жатқан жүк көліктері қаланың ауасын ластамау үшін жасалмақ», - деді Гүлшат Батчан.

Жетекші сәулетшінің айтуынша, жоспарда жаяу жүргіншілердің жолақтарын бөлу көрсетілген.

«Қазір тротуарларға көліктерін қойып кететіндер бар. Сондайды болдырмас үшін ағаш отырғызу арқылы, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ ғимараттардың қасбеттерін, коммерциялық дүкендердің дизайнын бір стильде жасау көзделіп отыр. Ол қалаға туристерді де тартуға мүмкіндік береді. Яғни, қала тұрғындары мен келушілерге жайлы жағдай жасау үшін өзгерістер енгізілмек. Қаланың ішінде сквер, саябақтарға да көп көңіл бөлінген. Айналма жолдар қарастырылған. Талқылауда халықтың айтқан ескертулері, ұсыныстары ескеріледі. Өзгерістер енгізіледі. Қызығушылық танытқан адамдар өте көп. Ұсыныс та көп айтылып жатыр. Ешкімнің ұсынысы қараусыз, елеусіз қалып жатқан жоқ. Балабақша, емханалардың саны артады», - деді ол.

«Астана бас жоспары» институтының директоры Рүстем Жақыпов атағандай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2035 жылға дейінгі бас жоспарды қоғамдық талқылау белсенді өтіп жатыр.

«Талқылау 16 тамызда басталды. Осы күнге дейін айитылған ұсыныстарды сәулетшілермен талқылап, нормаларға сәйкес қарастырып, жобаға енгізу мүміндігін қарастырамыз. Қаланың дамуы бойынша бас құжат осы Бас жоспар болып есептеледі. Сондықтан осы мүмкіндікті қолданып, халықтың пікірін тыңдап жатырмыз. Осы күнге дейін 400-ге жуық адам қатысты. Іс-шарадан кейін мемлекеттік сараптамаға Бас жоспардың құжаты енгізіледі. Сол жақтағы мамандар оны қарайды. Бұл нақты қаланың құжаты болғандықтан, әр аудан бойынша жеке шағын жоспарлар дайындалады. Ол шағын жоспарларды да халықпен бірге талқылау керек. Халықтың ұсынып жатқаны нүктелі түрде, өз аудандарына қатысты. Бірақ бұл жоспар жалпы болып есептеледі. Ал нүктелі ұсыныстарды кейін ескереміз», - дейді «Астана бас жоспары» институтының директоры Рүстем Жақыпов.

Ол атағандай, Бас жоспардың бірінші кезеңі 2025 жылға дейін бөлінген. Осы жылдарға дейін аудандардағы нүктелі жоспарлар нақтыланады.

«Бас жоспарда жоспарлы халық санына қарай балабақша мен емханалар, ауруханалар салынатыны көрсетіледі. Ал ол қай ауданнан салынатынын кейін сәулет-құрылыс кезінде шешіледі. Құрылысты да кім жүргізетіні Бас жоспар бекітілгеннен соң жасалатын кезеңдік процестер. Бас жоспарда қандай аудан, үйлер сүрілетіні де көрсетілген. Көп жағдайда апатты үйлердің орнына тұрғын үйлер салу жоспарлануы мүмкін», - деді ол.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ НАЗЫ

Астана қаласының тұрғыны Оралбай Өтеғұлов Бас жоспардың талқылануына қандай мақсатпен келгенін айтты.

«Мен Бас жоспарда жерасты метросы болады деген үмітпен келген едім. Алайда маған метро болмайды деп айтты. Әрине, оны салу қымбат, түсінемін. Бірақ бұл қажеттілікті өтеуге болатын еді. Алайда салынбайды екен. Сондай-ақ жоспарда сүріліп тасталатын үйлер саны аз. Яғни, Бас жоспарды 2035 жылға дейін деп жасайды да, көптеген үйді 2050 жылға дейін сүру қарастырылған. Қаланың сәнін кетіріп тұрған үйлерді сүріп, орнына жаңа құрылыс салу керек еді. Бас жоспар сол үшін көңілімнен шықпады. Қаланың ескі жағына көп көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын. Қала тұрғындарының көбі саябақ салғанын қалайды. Бірақ ол саябақтың күтімімен кейін ешкім айналыспайды. Қыста адамдар қыдырмайды. Бізде қыс қатты әрі ұзақ болғандықтан қыста жайлы қала қалыптастыру керек. Саябақтар артық бола алмайды. Сондықтан көбірек тұрғын үй салынғанын қалаймын», - деді қала тұрғыны.

Талқылауға келген тұрғындардың басым бөлігі нүктелі бастамаларын ұсынды. Оның ішінде жаңбырдан кейін жолды су баспау үшін арықтар жасау, сүрілетін үйлердің қашанға жоспарланғаны бар.

Мысалы, олардың бірі Көктал-1 тұрғыны Кенжина 4 көшесіндегі үйлер нақты қашан сүрілетінін сұрады.

«Біз үйімізде жөндеу жұмысын жасайын десек, ертең бізге бұл үйлер сүріледі десе, ақшамызды ешкім қайтармайды. Енді сол үшін нақты қашан сүрілетінін білу үшін келіп отырмын», - деді қала тұрғыны.

Қала тұрғынына жауап берген өкілдер сүрілу жайлы ескерту келген соң 2 жылдан кейін үйлер сүрілетініен айтты. Ал алдағы 3 жылда ескерту қағазы берілмейді деді.

АСТАНА – ЖАСЫЛ ҚАЛА

Ал Урбанистика орталығы директорының орынбасары Данияр Шыңдалиев Бас жоспардағы қаланы жасылдандыру бағыты жайлы айтып берді.

«Қазіргі таңда «Астана бас жоспары» институтымен бірлесе отырып қаланы жасылдандыру бойынша жақын арадағы 3 жылға арналған стратегиялық жоспар әзірленіп жатыр. Бұл стратегия қоғамдық кеңістіктер мен Есіл жағалауын қамтиды. Аудандарға жіктеліп, жылдар бойынша қандай учаскелер жасылдандырылатынын көрсетеді. Қала тұрғындары қандай ауданда саябақтың болғанын қаласа, олардың қалауы ескеріледі. Жоспар бойынша жаяу жүргіншілер, тротуарлардың орналасуы мен салынуы қарастырылған. Шетелдік тәжірибені де қолданамыз. Соның ішінде ағаштардың дұрыс отырғызылуы, жаңа технологиялар мен қаланың ауа райына шыдайтын ағаш түрлерін іріктеу де жатады. Өсімдіктердің жаңа орында тез өсіп кетуіне арналған нақты жаңа итехнологиялар бар. Бізде Есіл жағалауындағы барлық саябақты біріктіру бойынша жоспар бар», - деді Шыңдалиев.

Ол атағандай, жасыл желектендіру магистральді көшелерді қамтиды.

«Мәңгілік ел, Сығанақ, Достық пен Қонаев сынды көшелерде ағаш отырғызу көзделген. Ұзындығы 4-6 метрге дейін болатын ағаштарға басымдық беріледі. Бос жатқан аудандарға ағаш отырғызу көзделген. Оң жағалаудағы Бейбітшілік, Желтоқсан, Бөгенбай батыр көшелерін абаттандыру жоспарланған. Сондай-ақ Көктал ауданындағы қоғамдық кеңістіктер ретке келтіріліп, абаттандырылады», - деді Данияр Шыңдалиев.

Ол шетелдік тәжірибені алға тартты.

«Германияның қалаларын жасыл деп атауға болады. Сондай-ақ Скандинавия елдерінде ауа райы біздікіне ұқсас. Оларда арнайы технологиялар бойынша ағаш отырғызылады. Біз сол тәжірибені жасылдандыру стратегиясында қолданамыз», - деді ол.

Бас жоспарды талқылаудың қорытынды отырысы 25 тамызда «Жастар» сарайында өтеді.