Жыл басынан бері қазақстандықтар 20 млн теңгенің жол белгілерін ұрлап кеткен

Автор: Мира Байбек

Ұрланған жол белгілері көбінесе тұрмыстық мақсаттарда қолданылады

Жыл басынан бері республикалық тасжолдардан 20 миллион теңгенің жол белгілері ұрланған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, республикалық маңызы бар жолдарды тұрақты патрульдеуге және профилактикалық ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарамастан, жыл сайын жол инфрақұрылымы элементтерін ұрлау фактілері тіркеліп отыр. Алайда өткен жылдармен салыстырғанда жол инфрақұрылымы элементтерін ұрлау фактілері азайып келеді.

«Мәселен, 2023 жылдың басынан бері республикалық маңыздағы күре жолдардан шамамен 20 млн теңге сомаға жол инфрақұрылымы элементтері ұрланды (салыстырмалы түрде, 2021 жылы бұл шығын 60 миллион теңгеден асқан болатын)», - дейді компания өкілдері.

Жол бойынан көбінесе жол белгілері, үй жануарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлы қоршаулар, катафоттар мен стробоскоптар ұрланады. Белгісіз адамдар жарық бағыттайтын екі үлкен трансформаторды ұрлаған жағдайлар да тіркелді.

«Ұрланған жол инфрақұрылымы элементтері көбінесе тұрмыстық мақсаттарда қолданылады: төртбұрышты жол белгілерінен күректер, дөңгелек пішінді жол белгілерінен табалар мен қазандарға арналған қақпақтар, үй жануарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлардан үй қоршаулары жасалса, жарықдиодты катафоттар велосипедтерге бекітіледі», - делінген хабарламада.

«ҚазАвоЖол» өкілдері рРеспубликалық маңызы бар автомобиль жолдарын пайдаланушылардан мемлекеттік мүлікті ұқыпты ұстауға шақырады.

«Жол бойында орналасқан барлық жол инфрақұрылымы элементтері қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл мәселеде азаматтарымыздың жеке жауапкершілігі өте маңызды», - делінген хабарламада.