Маңғыстауда метан деңгейі тиісті нормадан асып түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірде осымен екі ай бойына жер ластанып жатыр

Фото: mangystaumedia.kz

Маңғыстау облысындағы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында осыдан екі ай бұрын тұтанған өрт әлі де сөндірілер емес. № 303 апаттық ұңғыма әлі жанып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау облысы экология департаментіндегі мамандардың айтуынша, өрттен болған залал апат жойылғаннан кейін есептелетін болады. Қазірдің өзінде оқиға орнындағы ауаны талдау метанның шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткенін көрсетеді. Бұл – 2540 мг/м3. Яғни, өңірде осымен екі ай бойына жердің ластануы жүріп жатыр.

«Экологтар оқиға орнында атмосфералық ауаның сынамаларын мезгіл-мезгіл алып отырады. Апат жойылғаннан кейін қоршаған ортаға келтірілген залалдың көлемін бағалау үшін тексеру тағайындалады», — деді департамент басшысы Руслан Төкенов.