Ақтөбелік шенеуніктер аса қымбат бағамен электромобиль сатып алмақ болған

Автор: Мира Байбек

Әкімдіктегілер бұл көліктерді шығыны аз болғандықтан сатып алмақ болғанын айтады

© Sputnik

Ақтөбелік шенеуніктер 77 миллион теңгеге екі электромобиль сатып алмақ болған. Яғни, әрбір көлікті 38 миллион теңгеден алуды жоспарлап мемлекеттік сатып алу сайтына лот жариялаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «31-арнаға» сілтеме жасап.

Алайда облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті әкімдіктің көліктерді нарықтағы құнынан тым қымбатқа бағалағанын анықтап, конкурсты тоқтатқан.

Антикордың хабарлауынша, осыған ұқсас электромобильдердің нарықтағы бағасы шамамен 29 миллион теңге. Сондықтан мамандар облыстық әкімдікке мемлекеттік сатып алу туралы шартты нарықтық бағаға сәйкестендіруді ұсынған. Соның нәтижесінде 18 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделіпті.

Ал әкімдіктегілер электромобильдерді шығыны аз болғандықтан және әкімдіктің ішкі жұмыстарына пайдалану үшін сатып алмақ болғанын айтады. Олардың айтуынша, конкурс жариялаған кезде мұндай көліктің нарықтағы құны 38 миллион теңгеге бағаланған. Кейінірек электромобильдің құны түскен. Бірақ мемлекеттік сатып алу шартын өзгерту мүмкін болмады дейді.

Қазір шенеуніктер электромобильдердің талап етілген жинақтарының болмауына байланысты келісімшартты бұзғанын айтады. Енді орнына жанармаймен жүретін көлік алуды көздеп отыр екен.

«Жалпы электрокарды сатып алудағы мақсатымыз - еліміздің жасыл экономикаға көшу жөніндегі бағдарламаны орындау. Және тиімділігі экологиялық тұрғыдан да шығын жағынан да, үш есе тиімді болып саналады», - деді Ақтөбе облысы әкімдігі іс басқармасы басшысының орынбасары Тимур Рыскелдин.