«Вахталық жұмысқа орналастырамын»: Түркістан облысында 10 адамды алдап кеткен алаяқ ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Келтірілген шығын көлемі – 1,2 млн теңге

Фото ашық дереккөзден

Түркістан полицейлері вахталық жұмысқа орналастырып беремін деп 10 тұрғынды алдаған алаяқты анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында интернет-алаяқтықтың 10 дерегіне қатысы бар тұрғын анықталды.

«Күдікті әлеуметтік желіге «вахталық жұмысқа тұрғызып беремін» деген жарнама салып, жәбірленушілердің сеніміне кірген. Содан тұрғындардың ақшасын алып, өзінің таныстарының есепшотына аудартып отырған. Келтірілген шығын 1,2 млн теңгені құрайды», - делінген полиция хабарламасында.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркелген. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.