Талдықорғанда бес мектеп директоры оқу жылы алдында жұмыстан кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Мектеп басшылары өз еркімен жұмыстан кеткен

Фото ашық дереккөзден

Талдықорғандағы бірнеше оқу орнының директорлары оқу жылы басталар алдында өз еркімен жұмыстан кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Жалпы, жаз басынан бері Талдықорғандағы тоғыз білім ошағы директорсыз қалды. Мектеп басшылары өз еркімен жұмыстан кетті. Оқу жылының басталуына екі апта ғана қалды, ал облыс орталығындағы бес мектепте кеткен директорлардың орнына әлі жетекші жоқ.

«Қазір біз облыстық білім басқармасына осы мектептерге конкурс өткізу туралы өтініш жібердік. Оқу жылы басталмай тұрып білім беру ұйымдарында директорлардың болуына тырысамыз.Олардың арнайы тағайындалу тәртібі бар, олар тестілеуден өтеді. Мектептің қамқоршылық кеңесі келісіп, әңгімелесу жүргізеді. Бұған дейін төрт мектеп директорын тағайындадық», - деді қалалық білім бөлімінің басшысы Жасұлан Қанағатов.

Талдықорғандағы директорлардың ауысуын мамандар білім саласындағы соңғы жаңалықтармен байланыстырады. 2023 жылдың сәуір айында Талдықорған қалалық білім бөлімінің бас есепшісі мен басшысы 2 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын. Сондай-ақ, облыс орталығындағы оқу орындарының алты есепшісі бірден қамауға алынды.