«Құны 288 млн теңгелік құбырды ұрлаған»: Жезқазғанда мемлекеттік қызметкердің қылмысы ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ұрланған құбыр әуежай маңында орналасқан саяжай учаскелерін сумен қамтамасыз етуге арналған

Жезқазған қаласында орналасқан құбырдың 13 мың метрден астамын ұрлады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеуді ҚМА Ұлытау облысы бойынша Департаменті аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік мекеменің бұрынғы басшысы бір топ адамдармен алдын ала сөз байласып, жалпы сомасы 288 млн теңгеден астам мемлекет мүлкін ұрлағаны анықталды.

«Ұрлық фактісін анықтау кезінде лауазымды тұлға аталған нысанның мемлекеттік органның балансында жоқтығы туралы жалған анықтамалар беріп, тергеуді қасақана жаңылыстырған. Бұл құбыр Жезқазған қаласының әуежайы маңында орналасқан саяжай учаскелерін сумен қамтамасыз етуге арналған.

Айта кетейік, қазіргі уақытта аталған азамат коммуналдық кәсіпорынның қызметкері емес», - делінген хабарламада.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР ҚПК 201-бабы тәртібінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.