«Көмек көрсетуге дайынбыз»: Ақпарат министрлігі журналист Сандуғаш Дүйсенованың ісіне қатысты пікір білдірді

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Бұған дейін жетісулық журналист тергеу барысында өзін полицейлердің қорлағанын мәлімдеген еді

Фото ашық дереккөзден

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналист Сандуғаш Дүйсеноваға құқықтық көмек көрсетуге дайын. Министрлік елді дүрліктірген жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq ruhy.

«Журналист Сандуғаш Дүйсенованың ұсталғаны расталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі оқиға болған сәттен ішкі істер органдарына хабарласып, мәселенің мән-жайын білді. Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Сандуғаш Талдықорғанда жеке өмір мәліметтерін тарату туралы арыз бойынша ұсталып, ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатпен шығарылған. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрлік мәселені назарда ұстайды және журналиске қандай да құқықтық көмек көрсетуге дайын», - деп жазды министрліктің баспасөз хатшысы Нұрбек Амиша Facebook парақшасында.

Еске салайық, бұған дейін жетісулық журналист Сандуғаш Дүйсенова қамауға алынған еді. Ол өзін тергеу барысында полицейлердің қорлағанын мәлімдеген соң, қоғамда құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты сын көбейіп кеткен еді. Журналист, қоғамдық белсенді 11 тамыз күні ұсталған. Оған ҚР Қылмыстық кодекстің 147-бабы 5-бөлігі бойынша айып тағылды. Кейін үйқамаққа шыққан журналист өзін полицейлер бөлімшеде шешіндіріп, видеоға түсіргенін жазды.