Танысын интимдік фотолармен бопсалаған семейлік 4 жылға сотталуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Тергеу амалдары жүріп жатыр

Семей қаласы тұрғынының интимді фотосын таратамын деп 1 млн теңге сұраған адам 4 жылға түрмеге қамалуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Ruhy өңірдің полиция департаментіне сілтеме жасап.

Абай облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері әйел адамнан ақша бопсалаған Семей қаласының тұрғынын ұстады.

«Белгілі болғандай, ол шілде айының ортасынан бастап танысының интимдік фотоларын таратамын деп, 1 млн теңге бопсалап келген. Тергеу барысында одан 150 000 теңге тәркіленді», дейді басқарма бастығының орынбасары Әсет Шахантаев.

Қазір аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 194-бабы 1-бөлігімен (Бопсалау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.