Жоспар бойынша құрылыс жыл соңына дейін аяқталуы керек
Мәдениет және спорт министрі Алматы облысында орналасқан олимпиадалық даярлаудың республикалық базасының құрылысымен танысты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Асхат Оралов министрліктің, Алматы облысы мен Қарасай ауданы әкімдіктері қызметкерлерінің және мердігер компания басшылығының қатысуымен кеңес өткізді.
40 га аумақты алып жатқан спорттық базаны шағын Олимпиада қалашығы десе де болады. Мұнда бір мезетте 2300 адам олимпиадалық спорттың 23 түрімен: жеңіл және ауыр атлетика, волейбол, баскетбол, гандбол, мини-футбол, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, көркем және спорттық гимнастика, бокс, жекпе-жек, соның ішінде күрестің барлық түрлері, су спорты түрлерімен, оқ және садақ ату және т.б. айналыса алады. Жоба 800-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Мұнда 9 жабық спорт кешені бар: бұл жеңіл атлетика манежі, мұз аренасы, көпфункционалды спорт залы, гимнастика және ауыр атлетика залы, 10 жолақты 50 метрлік олимпиадалық бассейн, жекпе-жек залы, мергендерге арналған садақ және оқ ату алаңы, 420 орындық қонақ үй, допингке қарсы зертханасы бар медициналық орталық және басқа да нысандар. Спорт нысандарының барлығы да халықаралық талаптар мен стандарттарға сай келеді.
«Олимпиадалық даярлық базасы ұлттық құрама мен облыстық командаларға қысы-жазы маңызды жарыстарға толықанды оқу-жаттығу жиынын өткізуге мүмкіндік береді. Осы жерден болашақ Олимпиада және әлем чемпиондары шығатынына сенімдімін. Сондай-ақ министрлік болашақта база аумағында әлем чемпионаттарының кезеңдерін, универсиада, спартакиада сынды халықаралық жарыстарды өткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін мұнда барлық мүмкіндік қарастырылған», - деді Асхат Оралов.
Жоспар бойынша құрылыс жыл соңына дейін аяқталуы керек. Қазір сыртқы инженерлік желілерді тарту және асфальт төсеу мәселелері шешіліп жатыр. Министр жауапты мекеме басшыларына құрылысты сапалы аяқтау туралы тапсырма берді.
Еске салсақ, кешеннің құрылысы 2005 жылы басталған болатын. Әр жылдары қаржылық және басқа да мәселелерге байланысты құрылыс тоқтап қалған.
База аумағында спортпен шұғылданып қана қоймай білім алуға, бос уақытты пайдалы әрі қызықты өткізуге барлық жағдай жасалады. Атап айтқанда, кітапхана, бірнеше конференц зал, боулинг, спорт дүкені мен дәмханалар болады.