Сюцай секта ма әлде ілім бе?

Автор: Azattyq Rýhy

Әлеуметтік желіде қазақстандықтар Сюцай ілімінің қазаққа қарсы жоба екенін айтып дабыл қағып жатыр

Желіде жаппай жарнамаланып жатқан Сюцайға сенетін отандастарымыздың қарасы көп, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Ахметбек Нұрсиланың сөзінше, осы ілімді елімізде 6000-нан астам адам оқыған. Сандар арқылы адамның тағдырын өзгертуге болады деп, ілімді таратып жүрген – Жанат Қожамжаров. Ол осы ілімнің негізін қалаушы. Қожамжаров – шетелде тұрғанымен, ақылы курстар өткізіп, қазақстандықтардың арасында өз ілімін кеңінен таратып жүр. Ол тылсым күштің бар екеніне, энергия бере алатына келушілерді сендіреді. Осы арқылы ақша табады. Курсқа қатысушылардың әрқайсысы 1 миллион теңгеден төлеген. Қазақстан нарығынан алаяқтық жолмен 6 миллиард теңге ақшаны алып кетіп отыр.

Айта кетейік, осы Сюцай ілімін таратып жүрген Жанат Қожамжаровтың айтуынша, «Сюцай» – 21 ғасырдағы психологияны зерттейтін сандық ғылым. Оның нумерологиядан айырмашылығы да сол, Сюцайда, негізінен, басымдық адам өмірінің философиялық денгейіне беріледі. Сонымен қатар адамдардың күнделікті өмірі, қарым-қатынасы, алға қойған мақсаты айналамыздағы сандардың мәніне, энергиясына терең үңілу арқылы болжанады. Бірақ Сюцайды ғылым ретінде қарастырғандықтан, оны бақсылық не балгерлікпен шатастырмаған жөн. Айта кетерлігі, Қожамжаровтың ұлты – қазақ, Семей өңірінің тумасы, денсаулық сақтау саласындағы халықаралық деңгейдегі білікті маман, комплементарлық медицина профессоры. Оның сөзінше, ол Қытайда жүрген кезінде ұстазы Бақыт Нәсіпбековты кездестірген. Сөйтіп сол кісі Қожамжаровқа ғылымды және бойындағы энергияны сіңірген. Осылайша Қожамжаров Сюцай ілімін 10 жыл зерттеп және оны ғылым ретінде тіркеді.

Бірақ Қожамжаровтың дипломдары мен квалификациясына күмәнмен қарайтындар бар.

«Қожамжаровтың тек 10 жылдық қана білімі бар, оның айтып жүргендері өтірік»,- дейді Ахметбек Нұрсила.

Ол сөзіне дәлелі бар екенін айтады. Сондай-ақ Ахметбек өзінің Сюцай ілімі атын жамылған сектамен күресу керек екенін алға тартты. Ол билікке Қожамжаровты тексеру қажет екенін айтып, хат жазды.

«Сюцай секта ғана емес, қазаққа қарсы жасалған үлкен жоба. Мұның артында ФСБ тұр. Оны мен анық білемін. Өйткені Жанаттың осыдан 7-8 жыл бұрын ютубтағы хабарларын көрген кезде оның түрі ұсқынсыз көрінді. Ішімдік ішіп, Ресей, Латвия мемлекеттерінде үлкен діни рәсімдер жасағаны жайлы маған Ресейдегі азаматтар хабарласып айтты», - дейді ол.

Оның сөзінше, қазақтың әйелдері кредит алып, Сюцайды оқып, қаржы табамын деп ойлайды. Бірақ сан соғып қалып жатыр.

«Маған келген әйелдер оқуға, жолымызға, қонақүйімізді төлеуге екі миллион кредит алдық. Жанат бізге «осы ілімді аласың, адам оқытасың, оқытқан әр адамнан 100 мың теңгеден аласың. Ақшаңды шығарып аласың» деп айтатынын мәлімдеді. Әйелдер осындай үмітпен барады», - дейді ол.

Оның сөзінше, Қожамжаров әйелдерді шешіндіріп, үстіне су бүркеді. Сондай-ақ Жанат адамдарды өзіне табындырып жатыр.

«Жетінші чакраны ашу арқылы энергияны қалпына келтіремін. Осы чакра ашылғанда адам мақсат қоя бастайды, қоршаған ортаға қатысты түсінігі қалыптасады. Физикалық жағынан мықтырақ болады. Бақытын табады. Мыңдаған адам бақытты болғысы келіп, қиналып жүр. Отпен жұмыс істеу адамға бақытын қайтарады», - дейді ол жарнамалық видео-ролигінде.

«Далаға шыққаннан кейін үш рет менің атымды атайсың дегені – өзін пайғамбар сезінгені. Қыздар оған табынады», - деді Ахметбек Нұрсила.

ҚМДБ Сюцайды пал аштыру деп танып, пәтуа шығарды.

«Бұл жүйемен шұғылдану шариғатқа қайшы. Себебі, бұл – адамның тағдырын сандарға байлап, оның жағымды немесе кері әсері бар деп сендіру. Сюцай – пал ашудың бір түрі. Шариғатымызда пал аштыру және жұлдызнамаға сену – харам. Осы және өзге де себептерге байланысты сюцай жүйесіне немесе соған ұқсас басқа да тылсым күштермен айналысуға, оларға жүгінуге шариғатымызда қатаң тыйым салынады», – деп жазылған ҚМДБ хабарламасында.

ҚМДБ Сюцайды харам деп атаған.

«Сюцай жүйесінде сандар болжамына сеніп, Алланың құдіретіне шәк келтіру және адамның тағдырын болжау – харам. Мұсылман адам тағдырға иман келтіріп, жақсылық пен жамандықты бір Алладан деп сеніп, болашақты болжайтын түрлі наным-сенімдерден аулақ болуы тиіс», – деп жазылған мәлімдемеде.

Ахметбек Нұрсила Жанат Қожамжаровтың түсірген жарнамалық видео-роликтерін көріп, оның алаяқ екеніне көзі әбден жеткенін айтады.

«Ол Сюцай іліміне қатысты жарнамасында менің 5 минут курсымнан өтесің. «Жанат» деп үш рет айтасың, менің бүкіл ілімім сенің бойыңа қонады, содан кейін миллионға адам оқытасың» дейді, - дейді ол.

Ал журналист Гүлмира Әбіқай Сюцай Қазақстандағы жағдайды одан әрі ушықтырады деген пікірде. Ол бұл – ілім емес, пирамида деп отыр.

Сондай-ақ журналистің сөзінше, Рухия Бекенова, Ләззат Серікбаева есімді Сюцай ілімінің көшбасшылары Алматыда 20 000 адамды сан соқтырып кеткен.

«Олар Қытай пирамидасын ашып, 7 миллиардты «үп» еткізіп, 20000 адам сан соғып қалған. Олар «Өзімнің түгім жоқ. Көшбасшылардың сөзіне сеніп, жүгіріп барып несие алып беріп, қарызға баттым» деп маған жазып жатыр. Бүкіл қазақ осы несиені төлеп жүргенде, тағы он жыл өтеді. Ешқандай байлық көріп тұрғаным жоқ Бұл ілім қарызға батырып, ертең біреу қол салады. Ортада балалар жүр. 5-6 адам төркініне қашып кетті», - деді ол.