Сенаторлар Шымкент қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралады

Автор: Azattyq Rýhy

Кездесуде маңызды мәселелер талқыланды

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Парламентшілер балаларға арналған «Қамқорлық» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Олар мұнда оңалту орталығының мамандарымен және осында келетін балалардың ата-аналарымен кездесті. Сенаторлар кездесу барысында Парламентте қабылданған заңдар, әлеуметтік саланы дамыту және мүгедек азаматтарға арналған ауқымды мемлекеттік шаралар туралы айтып берді.

«Парламент жақында мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялады. Оның ережелері мүгедектік көрінісі бойынша кемсітушілікті жоюға және инклюзивтік қағиданы іске асыруға бағытталған. Инклюзивті қоғам құру үшін ерекше балаларды күнделікті әлеуметтік өмірге дайындауымыз керек, ол үшін осындай оңалту орталықтарын ашу аса маңызды», – деді сенатор Айгүл Қапбарова.

Депутаттар сонымен қатар «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде болды. Оқушылар сарайы құрылысының барысымен және Тұран шағын ауданындағы 29 кварталдың инженерлік инфрақұрылымымен танысты.

Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкенттегі Сайрам тұрғын алабының тұрғындарымен де кездесті. Жүздесуге қатысушылар жолдарды жөндеу, инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру және ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылады.