Шымкентте ер адам садақа жәшігінен ақша ұрлаған

Автор: Azattyq Rýhy

Ер адам ұсталды

Қаратау АПБ-ның «102» арнасына жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз тұлғаны ұрлық үстінде ұстағанын айтты. Шақырту орнына дереу жедел-тергеу тобының қызметкерлері барған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Белгілі болғандай, ер адам қаладағы ірі сауда нүктелерінің бірінде орналасқан қайырымдылық жәшігінен 20 мың теңгеге жуық ақша ұрлағаны анықталды.

Күдіктінің оғаш қылығын байқаған куәгерлер, оқиғаға бей-жай қарамай дер кезінде оны ұстаған. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

«Жергілікті тұрғын бұған дейін есірткі қылмысы үшін істі болған. Қазіргі таңда жұмыссыз. Оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Ұрланған қаражат қайырымдылық қорының иесіне қайтарылды. Жақын арада жинақталған іс-құжаттар айыптау актісімен бірге сотқа жіберіледі», – дейді Қаратау АПБ-ның анықтаушысы Дастан Ахмет. Қоғамдық қордың иесі құқықбұзушылыққа немқұрайлық танытпаған азаматтарға және тәртіп сақшыларына алғыс білдірді.