Былтыр олардың саны 2 млн-ға жеткен
Соңғы 3 жылда Қазақстанда экотуристер саны 2 еседен астам өсті. Егер 2020 жылы экотуристер саны 985 мың болса, 2022 жылдың соңында олардың саны 2 млн-ға жетті, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Бұл Қазақстандағы экологиялық туризмнің даму динамикасы және елдегі экотуризм мәдениетінің қалыптасқанының көрсеткіші. Сондай-ақ республиканың ұлттық саябақтарында жаңа туристік нысандар: визит-орталықтар, кемпингтер мен глампингтер салынып жатыр. Онда қонақтарға жергілікті экожүйе және жабайы жануарлар, туристік маршруттар, тасымалдау пункттері және т.б. туралы ақпарат беріледі. Мысалы, «Аюсай» визит-орталығында туристердің қауіпсіздік журналына әр түрлі соқпақ жолдармен шығатын саяхатшыларды тіркейді. Егер демалушылар сағат 22:00-ге дейін оралмаса, визит-орталық қызметкерлері іздеуді бастайды», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы 2 жылда Қазақстанның ұлттық парктерінде 14 визит-орталық ашылды, оның 7-і жеке инвесторлардың қаражатын тарта отырып салынды. Сонымен қатар, елдегі глампингтер саны биыл 38-ге жетті.