Жамбылда кәсіпкерлерге 500 грант берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Оның көлемі 400 АЕК-ні құрайды

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бизнес-бастамаларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топтары үшін гранттар беру көзделген, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Жамбыл облысында биыл жоспарланған 1054 гранттың 525-і берілді, ал алушылар өздерінің бизнес-жобаларын сәтті жүзеге асыруда.

400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант алушылардың бірі, Жамбыл облысының Масаншы ауылының тұрғыны Гүлнұр Кунышева берілген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, медициналық орталық ашты.

«2022 жылы Қордай ауданының жұмыспен қамту бөліміне хабарласып, барлық қажетті ақпаратты алып, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтіп, сертификат алдым. Бірақ, өтінішті осы жылы бердім. Алынған ақшаға мен ультрадыбыстық аппарат сатып алып, медициналық орталық ашуды шештім», – деді әйел.

Гүлнұр Кунышева медбике ісі мамандығын тәмамдап, осы сала бойынша жұмыс істеген. Қазіргі уақытта «Ем болсын» медициналық орталығын құрып, қосымша 6 жұмыс орнын ашып отыр. Орталықта зертхана, стоматолог кабинеттері, УДЗ жұмыс істейді. Болашақта рентген кабинетін ашуды жоспарлауда.

Сондай-ақ Гүлнұр Күнбатыс ауылында тұратын үлкен ағасы да өткен жылы 1 млн 200 мың теңге көлемінде грант алғанын және бөлінген ақшаға ол 6 бас ірі қара сатып алып, мал басын көбейтуді қолға алғанын айтты.

«Грант – ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін өте жақсы көмек. Мемлекетке осындай мүмкіндіктер мен қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғысымды білдіремін», – деп бөлісті кәсіпкер.

Естеріңізге сала кетейік, биыл республика бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9 мың грант беру жоспарлануда, ал бүгінгі таңда 5,3 мыңнан астамы берілді.

Business.enbek.kz порталы арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға өтініштерді қабылдаудың үшінші легі 2023 жылдың қыркүйек айына жоспарлануда. Тиісті хабарландыру өтініштерді қабылдау басталғанға дейін күнтізбелік 10 күн бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланатын болады. Порталда өтініштерді қабылдау мерзімі әр лекте 10 жұмыс күнін құрайды.