Секіруден басқа амал болған жоқ - өртенген үйдің тұрғындары

Автор: Azattyq Rýhy

Жасұлан есімді тұрғын да өрт кезіндегі іс-әрекеті жайында айтып берді. Ол үйдің 16-қабатында тұрады

Фото: paryz.kz

Алматыда «Ақкент» шағынауданындағы 16 қабатты үйдің тұрғындары алапат өрттен қалай аман қалғанын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

29 жастағы Тілеужан Ахметқан өрт кезінде тек өзін ғана емес, көршілерін де ойлаған.

Ол алдымен пәтерден әйелі мен балаларын шығарып, кейін көршілеріне көмекке барған.

«Екінші қабатта тұрамын. Ең алдымен пәтерде күйіктің иісін сездім, кейін кіреберістен қара түтінді көрдім. Бірден балаларым мен әйелімді сыртқа шығардым, кейін басқаларға да көмектесемін деп шештім. Ештеңе ойлаған жоқпын, қорқыныш сезімі де болған жоқ. Көршілердің демалу үшін терезеден басын шығарып тұрғанын көрдім, жылаған балалардың дауысын естідім. Оған шыдап тұра алмадым. Жоғарғы қабаттан тұрғындарды құтқару үшін подъезге қайта жүгірдім. Қара түтіннен ештеңе көрінбеді, бірақ көршілерімнің пәтеріне кіріп, баспалдақпен бірнеше адамды сыртқа шығардым, аузым мен мұрнымды жауып алдым. Қазір көршілер менің 20-ға жуық тұрғынды шығарғанымды айтады, оның көпшілігі - балалар», дейді Тілеужан.

Ол сондай-ақ жақсы көршіден айырылып қалғанын айтты.

«Әселді танитынмын. Өте мейірімді, көмектесуге дайын тұратын елгезек қыз еді. Оның апайы қазір ауруханада жатыр. Ол да жақсы адам. Әселге көмектесе алмағаныма өкінемін. Қазір басқа зардап шеккен тұрғындар үшін дұғадамыз, олардың тез сауығып кетуін тілеймін», - деді Тілеужан Ахметқан.

Жасұлан есімді тұрғын да өрт кезіндегі іс-әрекеті жайында айтып берді. Ол үйдің 16-қабатында тұрады.

«Басында не болып жатқанын түсінбедім. Пәтерде түтіннің иісі сезілді. Подъезге шығып қарасам көк түтін екен. Аздап үрейлендім. Балаларым түтін иісінен уланып қала ма деп қорықтым. Сосын бүкіл есіктерді дымқыл орамалмен жауып, балаларды балкондағы өрт сөндіру баспалдағы арқылы төмен түсіремін деп шештім. 15-ші қабатқа түскенде 14-ші қабаттың люгін ашқым келді. Бірақ ол сым темірмен байланған екен. Оны жұлып алып, ары қарай төменге түстім. 13-ші қабатқа жеткенде күшім азайды. Ол жерде жөтеліп тұрған балалы әйелді көрдім. Ары қарай жол болмаған соң өз пәтерімізге қайта көтерілдік. Кілемге су төгіп отырдық. Тіпті балаларды ішіне отырғызайын деп тоңазытқыштың ішін босатып қойдым. Кейін құтқарушылар келді. Аллаға шүкір, аман қалдық», - дейді Жасұлан.

Үйдің басқа тұрғындары 14-ші қабаттан жоғарыда тұратын адамдарға үйдің жанында құрылыс салып жатқан түрік азаматтары терезеден шығуға көмектескенін айтты.

Олар өз техникасымен келіп, бірнеше баланы шығаруға көмектескен.

Сондай-ақ емханада терапевт дәрігер болып істейтін Жақсылық Рауан да көршілеріне көмекке келген.

Ол отбасымен бірге төмен түскен, сосын зардап шеккендерге көмекке асыққан.

«14-ші қабатта тұрам. Үйге келген соң түтіннің иісін сездім. Сағат 17:10-да лифтімен пәтеріме көтерілдім, ол кезде әлі ештеңе жоқ еді. Пәтерімнің есігін ашып жатқан кезде лифт тоқтап қалды. Сосын түтіннің иісін сездім. Үйге кіріп, екі балам мен әйелімді алып баспалдақпен төмен түстік. Қара түтін болды, ештеңе көрінбеді. Бірақ, көшеге шыға алдық. Кейін басқа адамдармен бірге 6-7 қабаттан секіргелі жатқан адамдарға көмектесе бастадым. Оларды биіктен секірмеуге шақырдық, бірақ олар бізді тыңдамады. Олар тіпті қара жерге секіруге дайын еді. Сол үшін бірінші қабаттағы пәтерлерден кілем шығарып, жайып, оларды тосып алуға дайындалдық. Бір әйел секірді. Ол кісінің салмағы ауырлау еді. Жерге түскенде жамбасы сынып кеткендей болды. Ол кісіні жедел жәрдем көлігіне салып жібердік. Екінші әйел алтыншы қабаттан секірді. Ол кісі секірген кезде аяғы терезеге ілініп барып құлады. Ол кісіні бірден жедел жәрдем алып кетті. Қазір жағдайы қандай екенін білмеймін. Мен шамамен 4 адамға көмек көрсетіппін», - деді Жақсылық Рауан.