Отбасын қолдау институтына адамдар қандай проблемамен жүгінеді

Автор: Azattyq Rýhy

Көпшілігін ажырасу, алимент өндіру мәселесі қызықтырады

Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында «Жанұя» Отбасы институтын қолдау орталығы директорының орынбасары Құралай Жанұзақова отбасы институты қолдау орталығының жұмысы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 «Биыл «Жанұя» орталығына 23 849 сұрақ бойынша 10 210 адам көмек сұрады. Атаулы әлеуметтік көмекке 7 646 адам сұрау жолдады. Атап айтар болсам, «Отбасы Банкі» АҚ бағдарламалары бойынша 2 295 сұрақ, құқықтық көмек көрсету жөнінде 231 сұрақ, денсаулық мәселелері бойынша 52 адам, білім алу мәселелері бойынша 75 адам, психологиялық көмек бойынша 212 сұрақ, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 9 449 өтініш берілді, egov.kz порталында 643 өтініш берілді»,-деді Құралай Жанұзақова.

Айта кетейік, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы көп балалы, толық емес, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, отбасы институтын нығайту бойынша іс-шараларды ұйымдастырып, консультациялық қызметтер бойынша көмек көрсетеді. Сондай-ақ, құқықтық, психологиялық көмек, АӘК сұрақтары бойынша, денсаулық сақтау, білім беру салалары, тұрғын үй мәселелері бойынша кеңес береді.

Құралай Жанұзақованың айтуынша, көбіне ажырасу мен алимент төлеу бойынша арыздар көп түседі.

«Көпшіліктен ажырасу, алимент өндіріп алу, әкелікті тану, мүгедек жандардың қаражатқа мұқтаждығы, жұмыс берушінің айлықты мүлдем төлемеуі, мүгедектікті алу, сондай-ақ сот органдарына және тиісті органдарға жүгінуге арыз және де шағымдарды жазып беру бойынша сұраныстар көп түседі(,- дейді «Жанұя» Отбасы институтын қолдау орталығы директорының орынбасары Құралай Жанұзақова.