Алматыда балалар мен жасөспірімдер командалары арасында футболдан халықаралық турнир аяқталды

Автор: Azattyq Rýhy

Жарысқа 35 команда қатысты

Ұйымдастырушылар жарысты Ауған соғысының ардагері, арнайы мақсаттағы 177-ші жасақтың бірінші командирі полковник Борис Керімбаевты еске алуға арнады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Бұл турнир осымен бесінші рет өткізіліп отыр. Биыл ол халықаралық мәртебеге ие болды. Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан 500-дің үстінде жас футболшы қатысты.

«Алаш» стадионында төрт жас санатындағы 35 команда кездесті.

Жарыс қорытындысына келсек, 2015-2016 жылғы топтар арасында Астана қаласынан келген «УРАГАН» командасы, 2013-2014 жылғылар ішінде қызылордалық «КGEK» командасы жеңіске жетті. 2011-2012 және 2007-2008 жылы туған жас санаттарында «JEYRAN» және «JAS QYRAN» командалары чемпион атанды.

Ауған ардагерлері турнирдің чемпиондары мен жүлдегерлеріне қызықты ойын көрсетіп, жеңіске деген ерік-жігері және ұмтылысы үшін медальдар, грамоталар және бағалы сыйлықтар табыс етті.